Павлодарда ер адам әйелге пышақпен шабуыл жасап, ұйқы артериясын жарып жіберген
Павлодарда әйелге пышақпен шабуыл жасап, ұйқы артериясын жарып жіберген ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі irbistv арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: freepik.com
Оқиға 28 шілде күні Қамзин көшесіндегі көпқабатты үйдің ауласында болған. Жәбірленушінің айтуынша, шабуыл жасаған ер адам мас күйде болған.
“Ол менен 500 теңге сұрады, мен “жоқ" дедім. Осымен бітті, жанжал болмас үшін мен шетке кете бастадым. Ол мені шақырды, мен бұрылдым, оның маған қарай келе жатқанын көрдім, оң жағымнан, білегімнен ұрып, ұйқы артериясына пышақ соқты", – дейді жәбірленуші Кристина Ягорлицкая.
Жәбірленуші әйел оқиғадан кейін бір апта бойы жансақтау бөлімінде жатқан. Ол шабуыл жасаған адамды танымайтынын мәлімдеді. 35 жастағы ер адамға адам өлтіруге оқталу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанымен, сот отырысы кезінде бап жеңілірек – “денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабына өзгертілді.
Сот шешімімен ер адам кінәлі деп танылып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ ол жәбірленушіге моральдық шығын ретінде 2 миллион теңге төлеуге міндеттелді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін желіде Алматы тұрғыны есікті қағып, пышақпен қорқытып жүрген қауіпті көршісіне шағымданған еді.