Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда қыз ұзатуға барған 30-дан астам адам уланып қалды

Фото: pixabay.com

Павлодарда Bellagio мейрамханасына барған 34 адам тағамнан уланып қалды. Олардың арасында бір бала бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнара Ақылбекова 20 адам ауруханаға жатқызылғанын алға тартты. Қалғандары үй жағдайында ем қабылдап жатыр.

Ақылбекованың айтуынша, уланған қонақтардың бәрі медициналық көмекке жүгінген. Дегенмен зардап шеккендердің туыстарының айтуынша, көптеген адамдар жедел жәрдем шақырмаған. Өзін жайсыз сезінгендер саны елуге жуық.

"8 маусым күні ақпарат келіп түсті. Мамандар эпидемиологиялық тексеруді бастады. Мейрамханаға қатысты тексеріс ашылды. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл нысанда санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды мен рұқсат құжаттары болмаған. Яғни мейрамхана заңсыз жұмыс істеген", – деді Гүлнара Ақылбекова.

Санитарлық дәрігердің айтуынша, 7 маусым күні сағат 13:00-де тексеріс басталып, сағат 16:00-де мекеме қызметін уақытша тоқтату туралы қаулы шығарылған. Bellagio өкілі бұл қаулыны жазбаша түрде алғанын растаған. Алайда зардап шеккендердің туыстары мейрамхана тыйымға қарамастан жұмысын жалғастырғанын айтып отыр. Сол күні сағат 18:00-де мейрамханада қонақтардың болғанын видеоға түсіріп алған.



Ақылбекованың айтуынша, тексеріс нәтижелері бір апта ішінде дайын болады. Содан кейін іс материалдары полиция департаментіне қылмыстық іс қозғау үшін жолданған. Қазір мейрамхананың өзі де, медициналық тексеруден өтпеген жеті қызметкері де жұмыс істей алмайды.

Бұл – 2025 жылы Павлодар облысында тіркелген алғашқы жаппай улану дерегі. Өткен жылы осындай екі жағдай Павлодар мен Екібастұз қалаларында болған.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 09 Маусым, 2025 17:24
Талқылау