Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодар облысында көпбалалы ананың үйі түгелдей өртеніп кетті

Бес баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы ана жомарт жандардан көмек сұрайды. Түн ортасында болған өрт Жасыбаевтар отбасын үй мен дүние-мүліктен айырған.

9d6097f59ae741af586399c4f3574fda

Бұл туралы Экспресс К басылымы хабарлайды.

Павлодар облысы, Шарбақты ауылындағы оқиға 5-ші маусымнан 6-сына қараған түні болған. 40 жастағы бес балалы ана Эльмира Жасыбаева біртүрлі дыбыстан оянып кеткен.

“Мен аулада біреу жүр деп ойладым да, үлкен ұлым Рахатты оятпақ болып едім, ол тұрмады. Сосын өзім барып дәліздің есігін ашып едім, лаулап жанып жатқан өртті көрдім. Ал дыбыс жанып жатқан шатырдан шығыпты”, – дейді ол.

Әйел қайтадан үйге келіп, балаларын оятқан. Ең кішісі үш жастағы Аянды қолына алып, қалғандарынан артынан ертіп шыққан. Абырой болғанда еден бетоннан құйылғаны себепті өрт жерді шарпымай, отбасы аман-есен шығып кете алған.

“Біз өрт сөндірушілерді бір жарым сағаттай күттік. Осы уақыт ішінде үйіміздің қалай жанып жатқанын бақылап ғана тұрдық. Оны сөндіру мүмкін емес еді. Тек терезе арқылы құжаттар салынған сөмкені алып үлгердік”, – дейді үлкен қызы Талшын.

Өрт тек таңға таяу сөндірілген. Өрт сөндірушілер тілсіз жау электр сымының ұштасуынан шыққан дейді.

“Біз өзімізде бардың бәрін жоғалттық. Бәріміз жеңіл-желпі киімдерімізбен шығып үлгердік. Бәрі түгел жанып кетті, не істеу керектігін де білмеймін”, – дейді Эльмира.

ымымым

Көршілері мен таныстары қолдарынан келгенше Жасыбаевтар отбасына көмектесіп жатыр. Бірақ, басты мәселе баспананы шешіп беруге, әрине, ешкім де қауқарлы емес.

“Аудан әкімдігіне барып едім, олар баспана жоқ деді. Бізге тым құрыса төбесі жабылған шағын үй болса да болар еді. Қалғанын өзіміз қалыпқа келтіріп аламыз”, – дейді көпбалалы ана.

Қазір әйел мен балалары таныстары мен туыстарының үйінде паналауда. Бірақ, бұл қонақжайлылық та мәңгі емес. Осылайша отбасы дәл бүгінгі сәтте көмекке аса мұқтаж. Жасыбаевтар отбасына көмектесемін деушілер мына телефонға хабарласса болады: 8 771 189 1778.

Байзақ Беисов

Талқылау