Павлодар облысының әкімі мас күйде көлік айдап, қамалған әпкесінің тиісті жазаланғанын айтты

Фото: Павлодар облысы әкімдігі
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов мас күйде көлік айдаған туған әпкесінің 15 тәулікке қамалуына байланысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Екібастұзде сот Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың туған әпкесі – Айгүл Байханованы 15 тәулік әкімшілік қамауға алып, оны жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айыру туралы шешім шығарды.
4 қараша күні кешке полиция Hyundai Tucson маркалы автокөліктің рөлінде шенеуніктің әпкесі отырғанын байқаған. Медициналық тексеру кезінде жүргізушінің жеңіл масаң күйде болғаны анықталды.
Сотта Байханова көлікті өзі жүргізбегенін, тек автокөлікте отырғанын айтты. Алайда сот оның дәлелдерін жеткіліксіз деп тауып, 608-баптың 1-бөлігі бойынша жаза тағайындады.
Асайын Байханов өзінің әпкесінің қамауға алуына байланысты Threads әлеуметтік желісінде пікір білдірді.
“Біздің мемлекетіміз заң мен тәртіптің үстемдігін негізгі принциптердің бірі етіп таңдағанын айта аламын. Барлық азаматтар заң алдында тең, менің әпкем де, отбасымыздың басқа мүшелері де солардың қатарында”, – деп жазды ол Павлодар облысының әкімі.
Айта кетейік, бұл әйел – Айгүл Қуандыққызы Байханова, 53 жаста. Ол – Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың туған апасы (мұны kase.kz сайтындағы деректерден де көруге болады).
Ал облыс әкімі туысын жазадан қорғауға тырыспай, заң алдында бәрі тең екенін көрсетті және құқықбұзушылыққа төзбейтінін жеткізген.
Еске салсақ, бұған дейін Павлодар облысы әкімі сыртқы киімін 1 миллион 400 мың теңге деп талқылағандарға жауап берген еді.