Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодар облысындағы мектеп бір аптадан бері жылусыз отыр

Павлодар облысының Железин ауданында ауыл мектебі бір аптадан бері жылусыз отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото видеодан алынған

Бұған жылу қазандығының істен шығуы себеп болған. Қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Алайда, мәселе қазандықта емес, мектептің жылу құбырларында болып шықты. Ұзақ жылдан бері тазаланбаған құбырлар бітеліп қалған.

“Негізі 2 сағаттың ішінде бітіретін промывканы 3 күн жасадық. Асты толықтай толып қалған. Батереяның бәрін шешіп тазалап жуып, ыстық суды жібердік. Ыстық келеді. Бірақ, циркулациялық қысым жоқ. Сосын насос қойып жатырмыз”, – дейді мердігер Нартай Бектеміров.

Ал оқушылар бір апта бойы қашықтықтан оқытылған. Аудан басшылығы бүгіннен бастап жылу жүйесі қалыпқа келтірілгенін айтты. Бір қызығы, биыл мектептің 700 метр жылу құбыры ауыстырылған. Алайда, батереяларды тазалау жұмыстары жүргізілмепті.

“Мектепке жылу кетті. Кластарда нормаға сәйкес жылу бар. Балалар бүгін қалыпты жағдайда оқып жатыр. Бүгін таңертең кабинеттерде 19 градус, коридорда 17 градус жылы. Нормаға сай”, – деді Железин ауданының әкімі Айтуған Шайхимов.

Талқылау