Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодар облысында орманнан табылған отбасы Қазақстаннан шығарылады

Павлодар облысында орман алқабынан табылған отбасы Қазақстаннан шығарылады. Шешім соттың миграциялық заңнаманы бұзғаны үшін қабылданды. Биыл мамыр айында оларды орманда алты баласымен бірге ұйықтап жатқан жерінен тапқан еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Видеодан скрин

Мәліметтерге сенсек, отбасы 2016 жылдан бері Қазақстанда болған және елде болу мерзімдерін бұзған. Әкесі Ресейден, анасы Украинадан. Олар келген кезде үш айға ғана тіркелген. Бірақ мерзімі аяқталған соң елден шығудан бас тартқан. Соттың шешімімен әкесі үш күнге қамалды және кейіннен Қазақстаннан шығарылады. 

Павлодар облыстық сотының ресми өкілі Агидель Ибраева оның әйелі тек мәжбүрлі түрде шығару жазасына тартылғанын атап өтті.

"Сот азамат М-ны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 517-бабының (Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) 7-тармағында қарастырылған әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 3 күнге қамаққа алу және Қазақстан шегінен мәжбүрлі түрде шығару түрінде әкімшілік жаза тағайындады. Қаулы заңды күшіне енген жоқ", – делінген хабарламада.



Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысы Кемеңгер ауылында жерде ұйықтап жатқан 6 бала мен ата-анасының жай-күйі тұрғындардың жағасын ұстатты. Жергілікті халық балалардың жылап жатқан дауысын естіп, оларды тауып алған сәті видеоға түсіп қалған. Белгілі болғандай, балалардың ең кішісі 1 жаста, үлкені 8 жаста. Анасы мен балалары ауруханаға жеткізілді. Кемеңгер кентінің әкімдігінің мәліметінше, жергілікті тұрғындар орман ішінен көпбалалы отбасын тапты. Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ақпаратты растады.

Талқылау