Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодар облысында ескі мектеп ғимараты аукционда бір бөлке нанның бағасына сатылған

Павлодар облысында бастауыш мектептің ескірген ғимараты 213 теңгеге сатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: krisha.kz

Бұрынғы бастауыш мектептің ғимараты Ақсу қаласы, Береке ауылында орналасқан. 

Аталған мәліметке қатысты Stan.kz тілшісі Павлодар облысы әкімдігінен мән-жайды сұрап білді. 

Әкімдік мәліметінше, 1993 жылы салынған мектеп бағаны төмендету әдісі арқылы сатылды. 

“Жергілікті қоғамдастық жиналысының шешіміне сәйкес, мектеп ғимараты Достық ауылдық округінің өзін-өзі басқару коммуналдық меншік объектілерінің тізіміне енгізілді. Бағалау туралы есепке сәйкес объектінің нарықтық құны 561,0 мың теңге болды. Ақсу қаласының Береке ауылының бұрынғы бастауыш мектебі 2024 жылы 27 ақпанда ұйымдастырылған үшінші аукционында сатылды. Ең төменгі бағаны белгілемей, оны төмендету әдісі арқылы сатылды”, – делінген хабарламада.

Фото: Elinfo Telegram

Әкімдіктің хабарлауынша, аукционды өткізу кезіндегі бастапқы баға 1,6 миллион теңге болған.

“Себебі үкімет қаулысымен бекітілген жекешелендіру объектілерін сату қағидаларының 40-тармағының 2-тармақшасына, 4-тарауына сәйкес, бағаны төмендету әдісі қолданылады. Осылайша жекешелендіру объектісінің бастапқы бағасы 3-ке тең арттырушы коэффициентке көбейту жолымен айқындалады. Нәтижесінле ғимараттың сатылған бағасы 213 теңге болды”, – делінген хабарламада. 



Бұған дейін, бастауыш мектеп ғимаратын сату бойынша 2023 жылы 23 тамызда алғашқы аукцион өткізілген. Ал екіншісі 2023 жылы 20 қыркүйекке жоспарланған аукцион қатысушылардың болмауына байланысты ұйымдастырылмаған. 

Қазір бастауыш мектеп ғимараты krisha.kz сайтына сатылымға шығарылған. 1993 жылы салынған 12 бөлмелі жеке үйдің бағасы 2 миллион теңге деп көрсетілген.

Фото: Krisha.kz скрин

“Павлодар облысы, Ақсу қаласы, Береке ауылы, Бердникова көшесі 20В мекенжайында орналасқан жалпы ауданы 92,1 м2 бұрынғы бастауыш мектептің тұрғын емес ғимараты сатылады. Салынған жылы – 1993 жыл. Қабат саны – 1. Іргетасы – бетон, сыртқы қабырғалары – пеноблок, төбесі – шифер, едені – тақтай, терезелері – екі ашпалы, есіктері – қарапайым ағаш, іші – әкпен сырлғанған”, – деп жазылған. 

Дегенмен ғимараттың иесі, кім сатып жатқаны көрсетілмеген. 

Айта кетейік, бұған дейін Өндірілген активтерді басқаратын компания Мәсімовтың Астанадағы үйін 1,8 миллиард теңгеге сатуға шығарған еді. 

Талқылау