Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда құрылысшылар пәтерді шатастырып алып, басқа адамның үйіне жөндеу жұмыстарын жасаған

Фото: Желі кадрларынан скрин

Желіде қазақстандық BI Group компаниясының бизнес кластан алған пәтерінде есіктің пин-коды бәріне қолжетімді екенін айтып шағымданды. Айтуынша, бастапқы күйдегі пәтеріне барса бейтаныс адамдар жөндеу жұмысын жасап жүр екен. Белгілі болғандай құрылысшылар соңында бұл пәтерге шатасып кіргендерін айтқан. Азамат құлыптың қауіпсіздігіне наразы болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тұрғын желідегі жазбасында компания барлық пәтерге бір ғана пин-код қойғанын жеткізді. 

“Міне, менің пәтерімде белгісіз адамдар жүр. Бүгін “Bi.group” компаниясының клиенттерге қалай қарайтынына куә болдым. Барлық пәтерлерде бір ғана пин-код. Бүгін кілттерді алуға барсам, менің пәтерімде біреулер жөндеу жұмыстарын жасап жүр. Шынымды айтсам, есеңгіреп қалдым. Неге әр пәтерге әртүрлі пин-код қоймасқа? "Заманауи Big App бар" дейсіздер ғой. Бригадир пәтерлерді шатастырып алыпты. Сөйтсем олар бұған дейін де кіріп жүрген екен”, – деді ол желідегі жазбасында.

Тұрғын бұл жағдайдың қауіпті екенін, тіпті пәтерді ескертпестен өзгертіп жіберуі мүмкін екенін алға тартты.

“Өте қауіпті, қабырғаны бұзып, жоспарды өзгертіп жіберуі мүмкін. Мұнда әркім кез келген пәтерге кіре алатындай жағдайда. Бұл мүлде дұрыс емес. Бұл Verdi бизнес-класс тұрғын үй кешені. Сонда менің де өзге пәтерлерге еркін кіре алатыным ешкімді алаңдатпай ма? Басқа тұрғын үй кешенінде әр пәтердің өз паролі бар. Мұнда мен кілттерді отбасылық жағдайларға байланысты бір ай кеш алдым. Сонда пәтеріме біреулер кіргені үшін мен кінәлімін бе?”, – деп қосты ол.

Stan.kz тілшісі жағдайға байланысты “Bi.group” компаниясынан пікір сұрап көрді. Компания алғашында барлық тұрғындарға пәтер номеріне байланысты пароль берілетінін жеткізді. Алайда оны иесі кейін бағдарлама арқылы өзі өзгертіп алуға тиіс екен.



“Құрылыс жұмыстары кезінде барлық пәтерге бірдей пароль қойылған жоқ. Кіру жүйесі бірдей қағидамен жасалды: блок – қабат – пәтер нөмірі. Бұл үйге жылу қосу кезінде радиаторларды жиі тексеріп, жабдықтардың дұрыс жұмыс істеуін және мүмкін болатын су ағудың алдын алу үшін қажет болды. Осы жұмыстар аяқталған соң, пәтерлерге кіру баптаулары қайта тексеріліп, парольдер жаңартылды.

Кілттерді тапсыру кезінде құрылыс компаниясы әр клиентке жеке парольді міндетті түрде ауыстыру керек екенін ескертеді. Барлық пәтер иелеріне парольді өздігінен өзгертуге арналған толық видео-нұсқаулықтар беріледі. Бұл тәжірибе цифрлық қауіпсіздіктің жалпы талаптарына сай. Банк карталары мен онлайн сервистердегідей, жеке қауіпсіздік үшін парольді ауыстыру ұсынылады”, – деп түсіндірді компания.

STAN.KZ
Бейсенбі, 05 Ақпан, 2026 13:39