Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Пасханы да, Ораза айтты да бірге тойламыз": Қазақстандық ару көпұлтты отбасындағы татулық пен ерекше дәстүрлері туралы айтты

Фото: Наргиза Тұрсынованың жеке архиві

Қазақстанда түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, ортақ құндылықтарды қалыптастырып келеді. Бұл еліміздегі ұлтаралық татулық пен бейбітшіліктің шынайы көрінісі. Пасха мен оразаны, Жаңа жыл мен Наурызды қатар атап өтіп, бір-бірінің тілі мен дініне, мәдениетіне құрмет ететін отбасылар көп. Stan.kz тілшісі сондай отбасының мүшесі алматылық 28 жастағы Наргиза Тұрсыновамен тілдесті.

Наргизаның отбасында ұйғыр, қазақ, татар, орыс, ұлттары бар. 

“Мен көпұлтты отбасынанмын. Әкем – ұйғыр, анам – қазақ. Бірақ анамның қанында татар ұлты да бар. Арғы әжем татар болған. Отбасында екі қызбыз, әпкем және мен. Ол мен менен 9 жасқа үлкен. Ал әпкемнің күйеуі, жездем орыс ұлтынан. Жездемнің анасы қазақ. Ата-анам жездемді ерекше жақсы көреді. Оны “балам” деп атайды. Ол да біздің отбасымызды қатты құрметтейді”, –деді ол.

Бойжеткен осы тұста көпұлтты отбасыдан дін мен тілге бөлінбей барлық ұстанымдарға екіжақты құрмет болатынын алға тартты. Айтуынша, тіпті отбасында мерекелердің өзі ерекше атап өтіледі.

Фото: Наргиза Тұрсынованың жеке архиві

“Біз барлық мерекелерді бірге тойлаймыз. Міндетті түрде Жаңа жылды бірге қарсы аламыз, дастарханымыз мол болады. Жездем орыс болса да, ұйғырдың асқабақ қосылған мәнтісін өте жақсы көреді. Әр дастархан жайған сайын онда түрлі тағамдар болады. Әсіресе міндетті түрде қазақ, ұйғыр ұлттық тағамдары болады. Наурыздың өзінде бізде ұйғырдың тәтті қытырлақ бәліші (хворост), татардың қытырлақ бәліші (хворост) мен бауырсақ, наурыз көже болады. Анам әзербайжанның пахлавасын да жасайды.

Біз діни болсын, мәдени болсын барлық мерекелерді: Ораза айт, Пасха, Наурызды бірге атап өтеміз. Әрдайым дастарханымызда алуан түрлі тағамдар болады. Жездемнің досының әйелі кәріс ұлтынан, өзі православ дінінде. Ол да бізбен жақсы араласып тұрады. Ораза айтта біз оларға бауырсақ, хворост сияқты тәттілер жіберсек, Пасхада олар бізге өз дәмдерін алып келеді. Ал анамыз әрдайым күйеу баласына арнап куличи дайындайды. Біздің жағдайда бұл "ерекше" нәрсе емес, керісінше өмірдің қалыпты бір бөлігі. Өйткені біз әртүрлі мәдениеттер үнемі тоғысатын ортада өстік”, – деп қосты ол. 

Фото: Наргиза Тұрсынованың жеке архиві

“Өзіміз үш тілді қатар қолданамыз, түрлі дінді ұстанатын жақындарымыз бар”

Наргиза отбасы мүшелерінің қазақ, орыс, ұйғыр тілдерін жетік біліп, күнделікті өмірде қатар қолданатынын алға тартты. 

“Ата-анам орыс тілі мен әдебиеті мамандығын оқыған. Сондықтан өзара орыс тілінде сөйлесіп жатамыз. Алайда біздің отбасымыз қазақ тілін де тұрмыстық деңгейде өте жақсы біледі. Әкем ұйғыр тілін жақсы біледі. Мен түсінемін, бірақ өзім сөйлей алмаймын. Анам да ұйғыр тілін біледі. Өзім кейде анаммен қазақша сөйлесемін. Әкем кейде анама ұйғырша айтады. Яғни, бізде тілдер араласып жүреді”, – деп қосты ол. 

Бойжеткен отбасының өте қонақжай екенін де алға тартты. Айтуынша, тіпті кей кезде бір ай бойы демалыс күндері үйлеріне үздіксіз қонақ келеді екен. 

“Отбасымызда жалпы бір дәстүр бар. Біз өте жиі қонақ күтеміз. Ерекшелігі де сол келетін қонақтарымыздың өзі әртүрлі ұлттан болып жатады. Себебі ата-анам өте қонақжай. Олар біз көп адаммен аралассын, достарымыз көп болсын деп тәрбиелеген. Сол себепті тіпті кейде туыстарымызға қарағанда достарымыз көбірек келіп жатады. Бұл ата-анамыз үшін өте маңызды. Достарымыз, әпкемнің құрбылары, менің достарым келіп тұрғанын қалайды. Анам сол үшін әрқашан мәнті, бешбармақ, қазы және басқа да түрлі тағамдарын дайындап отырады”, – деді ару.

Фото: Наргиза Тұрсынованың жеке архиві

Наргиза отбасында үлкендер әрдайым татулық пен сыйласып тұруға тәрбиелейтінін тілге тиек етті. 

“Отбасымызда ешқашан үлкендер тарапынан ұлтқа байланысты ешқандай бөліну, кемсіту болған емес. Яғни, бізде ешқашан "ол орыс" немесе "басқа ұлт" деп қарамаған. Әулетімізде әртүрлі ұлттан күйеу балалар, келіндер бар. Бәрін бірдей жақсы қабылдап, құрметтейміз. Барлығы бір-бірімен жақсы араласады. Ешқашан ешкімге қысым көрсету, бірдеңе айту болған емес. Жалпы, екі жақтан да біздің отбасымыз өте көңілді. Менің ойымша, дәл осындай күнделікті, қарапайым көрінетін нәрселерден ұлтаралық келісім қалыптасады. Осындай құндылықтар көпұлтты отбасындағы татулықтың негізі болады.”, – деп қорытты ол. 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 30 Наурыз, 2026 13:45