Парламенттік оппозиция: Сенат жаңа заң қабылдады
Парламент сенатының жалпы отырысында "ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы" Конституциялық заңы, сондай-ақ "ҚР Парламентiнiң комитеттерi мен комиссиялары туралы" заңына парламенттік оппозиция мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы" заңы қабылданды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Заң жобасы Қазақстан Республикасы президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр 20 желтоқсанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында парламенттік оппозиция институтын заңнамалық бекіту туралы тапсырмасын орындау мақсатында дайындалды.
"Ол үшін "Ақ жол" Демократиялық партиясы алдын ала (2013 жылы) әзірлеген "Парламенттік оппозиция туралы" заң жобасын Мемлекет басшысының тапсырмасына және де қолданыстағы заңнамалық талаптарға сәйкес жаңарттық. Жұмыс барысында біз дамыған мемлекеттердің, әрине – Еуропа тәжірибесін пайдаландық. Ең алдымен – "Құқық арқылы демократияға даму" атты Еуропа комиссиясының ("Венеция комиссиясы" деп аталатын), "Демократиялық парламенттердегі оппозицияның рөлі туралы» баяндамасын қолдандық", - дейді мәжіліс депутаты Азат Перуашев.
Оның айтуынша, заң жобасының ең алғашқы новелласы – бұған дейін отандық құқықтық кеңістікте болмаған "оппозиция" ұғымын енгізуі мен заңдастыруы.
"Венеция Комиссиясы баяндамасының 11-ші тармағында "Парламенттік оппозиция деген – парламентке енген, бірақ үкіметтің мүшелері жоқ саяси партиялардан тұрады" деген анықтама берілген. Алайда біздер оны Қазақстанның тіршілігіне жеткілікті емес деп таптық. Сол үшін, парламенттегі оппозицияны билікке шынымен сыншыл болып, балама көзқарас ұсынып, қоғам талқылайтын, қоғамды аландататын мәселелерді көтеруге міндетті болуы керек деген талабымен толықтыруды жөн көрдік. Сондықтан, Ззң жобасында "парламент оппозициясының" анықтамасында, бұл партиялар, әдетте, билік партиясынан бөлек, өзгеше саясат жүргізуге міндетті деген тезис енгізілген. Яғни, біз "оппозициямын" деушілерді парламентте үнсіз жүрмей, белсенді жұмыс жүргізуге, қоғам үшін шын атсалысып, маңызды проблемаларды көтеруге, биліктің саясатына жаңа көзқарасы болып, бөлек ұсыныстарды беруге арнайы итермелеп отырмыз. Осындай партияларға, "парламенттік оппозиция" атағымен шектелмей, біз сол ұғымын мәртебесі мен құқықтық кепілдіктерімен толықтыруды ұсынып отырмыз", - деді Перуашев.
Мәселен, оппозиция үшін бірнеше құқықтық артықшылықтар қарастырылған: әрбір сессия кезінде парламенттік тыңдау мен үкімет сағаттарын бекіту құқығы, үкіметтің заң жобасымен қатар балама заң жобасын ұсыну; парламенттің кез-келген іс-шарасында, мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысында сөз сөйлеуге кепілдік беріледі.
"Баяндамамның басында айтқанымдай, құжатты жаңартқанымыздан кейін, ол тағы да жергілікті, ұлттық және де халықаралық деңгейде талқылаудан өткен. Мысалы, биылғы қаңтар айының басында депутаттық сапарлар барысында аймақтардағы сайлаушылардың, ғалымдардың және саяси қоғам өкілдерінің қатысуымен талқыланды. Заң жобасы жаңа парламенттік дәстүрлерді, билік пен өркениетті оппозиция өзара жаңа деңгейін және жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға қызмет ететініне сенімдімін. Сіздер, Сенат депутаттары заң жобасын қолдасаңыздар, заң 2021 жылдан бастап күшіне енеді", - деді Азат Перуашев.
Аталған заң жобалары наурыз айында парламент мәжілісінде мақұлданды.
Ілеспе заң жобасына сәйкес, парламенттік оппозицияға өз депутаттарының арасынан ҚР Парламенті Мәжілісі тұрақты комитеттерінің төрағалары лауазымына кандидатура ұсыну құқығы беріледі.
Азат Перуашевтің хабарлауынша, тұрақты комитеттердің бірінің төрағасы парламенттік оппозиция депутаттарының арасынан сайланатыны туралы ереже бар. Бұл түзетулерге сәйкес, парламенттік оппозиция парламент мәжілісі тұрақты комитеттерінің хатшылары лауазымына кандидатура ұсынуға да құқылы болады. Бұл ретте, екі тұрақты комитеттің хатшылары парламенттік оппозиция ұсынған депутаттар арасынан сайланады.