Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Париж – Шымбергеновтің шыңы: Париж олимпиадасында Қазақстанның туын ұстайтын Асланбек алтыннан үмітті

Парижде бақ сынайтын бірнеше боксшының болашағын бағамдап көрдік. Stan.kz ақпарат агенттігі төртжылдықтың басты додасында бақ сынайтын боксшылардың әлеуеті мен мүмкіндігі туралы сараптама жасауды әрі қарай жалғастырады.

Фото: ҰОК

Париж олимпиадасында жұдырықтасатын боксшылардың ішіндегі ең тәжірибелісі әрі жасы үлкені – Асланбек Шымбергенов. Талай жылдар бойы тасада қалып жүрген Асланбек Шымбергенов өзінің алғашқы олимпиадасында өнер көрсетеді. Ұлттық құрама капитаны алтынға үміткер боксшылардың қатарында. Олимпиада алтыны ғана жетіспейтін Асланбек Париж төрінде барын салатыны анық. Жалпы Қазақстан құрамасы бокстан екі алтын алуы мүмкін деп топшылаймыз. Соның біреуін Сәкен Бибосынов алады десек, екіншісін дәл осы Асланбек иеленуге тиіс. Әрине, оның да себептері жоқ емес. Өйткені бұл салмақтағы басты фаворит – Шымбергенов. Асланбек Париж төрінде сынға түсетін біраз спортшылармен жұдырықтасып, жеңіске жеткен. Дегенмен отандасымызға тегеуірін көрсетіп, қарымды қарсылас бола алатын мықтылар да жетерлік. Солардың ішіндегі ең қауіптісі, әрі қарымдысы ретінде жапониялық Сэвон Окадзава мен өзбекстандық Асадхужа Муйдинхужаевты ерекше атауға болады. Асланбек екеуімен де жұдырықтасқан, екеуінің де әлеуетін жақсы біледі. Тіпті, өзбек боксшысын Азия ойындарында үш рет нокдаунға жіберіп, әбден сабаған еді. Негізі жапон боксшысын да ұтқанын күллі жанкүйерлер көрді. Бірақ төрешілер “бармақ басты, көз қысты” әрекетінің құрбаны болып, қып-қызыл әділетсіздікке ұшыраған еді. Асланбек сол жекпе-жекте  Окадзаваны екінші рет ұтқан еді, ол бұған дейін жапониялық жампозбен жұдырықтасып, “Елорда кубогінде” басым түскен еді.

Жалпы Асланбек пен Окадзава Париж төрінде өнер көрсететін біраз боксшылармен осы уақытқа дейін жұдырықтасып, жеңіске жеткен. Асланбек Париж олимпиадасында сынға түсетін 5 боксшыны жеңсе, Сэвон 7 боксшыдан басым түскен. 2021 жылғы әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмеген Окадзава Омари Джонс, Асадхужа Муйдинхужаев, Зейяд Ишаиш, Нишант Дев, Вахид Аббасов сынды жүлдеден үмітті мықтылардың мысын басқанымен Асланбек үшін ыңғайлы қарсылас. Сэвон аяқта қимыл-қозғалысы жылдам және екінші нөмірмен жақсы жұдырықтасатын боксшы болса да, Асланбектің стиліне қарсы қаруы жоқ екенін байқадық. Егер қос спортшының Парижде жолы түйіссе, отандасымыздың мысы басым болатынына кәміл сенеміз. 

Фото: Нургали Жумагазы

Өзбек оғланы Асадхужа Муйдинхужаев та – жүлдеден үміткерлердің бірі. Дегенмен ол осы уақытқа дейін 67 келіде бақ сынап, атой салып жүрді. Париж олимпиадасы қарсаңында ғана салмағын ауыстырып, өз елінде 71 келінің көшбасшысы атанды. Дегенмен Өзбекстанның ішкі іріктеуінде ұлты қазақ боксшы Аман Қонысбековпен жекпе-жегін көрген жанкүйерлер Асадхужаның қалай жеңілгенінен хабардар. Асадхужа Париж олимпиадасында өнер көрсететін үш боксшымен ғана жекпе-жекке шыққан, соның екеуінен ұтылып қалса, тек иорданиялық Зейяд Ишаишты ғана ұтқан. Асланбектің осы уақытқа дейін өзбек боксшыларынан жеңілмегенін ескерсек, бұл жолы да білгенінен жаңылмауға тиіс. Асадхужадан бөлек, жоғарыда аталған боксшылар да Асланбекке тегеуірін көрсете алатын, қарымды қарсыластар саналады. Токио олимпиадасының қатысушысы, иорданиялық Зейяд Ишаиш пен 2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, үндістандық Нишант Девке қарсы қалай жұдырықтасу керек екенін Асланбек жақсы біледі. Зейядпен екі рет жекпе-жекке шығып, екеуінде де айқын жеңса, Нишантты әлем чемпионатының жартылай финалында сан соқтырды. Бұл боксшыларға қарағанда Асланбек үшін америкалық Омари Джонс пен Сербия елінің намысын қорғайтын Вахид Аббасов әлдеқайда қауіптірек болуы мүмкін. Өйткені отандасымыз бұрын-соңды бұл боксшылармен жұдырықтаспаған. Дегенмен Омари да, Вахид та Сэвонның осал тұсын таба алмай, дал болған. Ал Асланбек жапон жампозынан екі рет басым болғанын ескергеніміз жөн. 

Токио олимпиадасының қола жүлдегері, ирландиялық Эйдан Уолшты да есептен сызып тастауға болмайды. Токио төрінде жұдырықтасқан боксшылардан Окадзава мен осы Уолш қана Париждегі дүрмекке қатысу мүмкіндігіне ие болды. Токиода тұғырда тұрған Уолш осы жолы да сол биіктен түспеуді көздейтіні анық. Тіпті қола жүлдені алтынға алмастыру үшін барын салатыны сөзсіз. Бірақ Уолштың Асланбекке қаншалықты тегеуірін көрсете алатынын басып айту қиын. Қазір ирландиялық былғары қолғап шеберінің деңгейі шарықтау шегінен өтіп бара жатыр. Ол Париждегі дүрмектің өзіне жолдаманы әупірімдеп жүріп алды. Сондықтан Асланбек Уолштың осал тұсын оңай табуға тиіс. Айтпақшы, 2023 жылғы Еуропа ойындарының жеңімпазы даниялық Николай Тертерян мен қола жүлдегері Макан Траоре де отандасымыз үшін қауіпті қарсылас саналады. Әсіресе, Еуропа ойындарында қарсылас шақ келтірмеген, талантты жас боксшысы Николай Тертерянды ерекше атап өтуге болады. Дегенмен Николай әлі Асланбек сияқты тәжірибелі, сақа спортшылармен жұдырықтасып көрген жоқ. Отандасымыз бұл спортшыны тәжірибесінің арқасында жеңуге тиіс. Париж олимпиадасындағы фавориттердің бірі саналатын Сэвон Окадзаваны ұтқан боксшылардың бірі Асланбек болса, екіншісі француз боксшысы – Макан Траоре. Дегенмен Сэвонды сан соқтырған Макан Асланбектен айласын асыра алмай, жеңіліске ұшыраған еді. Шыны керек, Париж олимпиадасында Асланбек үшін аса қауіпті, отандасымыздан тәжірибесі де, деңгейі де бір бас жоғары боксшыны көріп тұрғанымыз жоқ. Париж олимпиадасы – Шымбергеновтің шығатын шыңы. Бастысы, отандасымыздың бабы мен бағы қатар шапса болғаны.  

Талқылау