Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Парашюті ашылмай қалған: Ақтөбеде 18 жастағы курсанттың өліміне қатысты іс бойынша сот үкімі шықты

Парашютпен секірген сарбазФото: depositphotos.com

Ақтөбеде сот 18 жастағы курсанттың қазасына жол берген әскери қызметкерлерге қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қайғылы оқиға 2025 жылдың 15 шілдесінде таңғы сағат 06:00 шамасында "Айбын" аэродромында болды. Ми-8 тікұшағына мінер алдында, бастапқы тексеру сызығында майор Нұржан Айденов екінші курс курсанты Бақыт Асарбаевтың парашютін тексерген.

Сот секіруді ұйымдастырушы басшының өрескел қателікке жол бергенін анықтады. Сот мәліметінше, ол курсантқа қолмен ашылатын парашютпен танысу секіруін орындауға рұқсат берген, ал ережеге сәйкес мұндай жағдайларда тек мәжбүрлі ашылу жүйесі бар парашюттер ғана қолданылуы тиіс.

Курсанттар Ми-8 тікұшағынан 800 метр биіктікте оқу-жаттығу секірулерін орындап, олардың бірі қаза тапқан.

Іс материалдарына сәйкес, сағат 06:42-де 800 метр биіктікте, шамамен 140 км/сағ жылдамдықта негізгі парашют толық істен шыққан. 2006 жылы туған курсант оқиға орнында көз жұмды.

Ақтөбе гарнизонының әскери соты аталмыш іс бойынша үкім шығарды.

Сот ашық форматта өтті. Отырысқа Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштері әскери институтының әскери қызметкерлері мен айыпталушылардың бұрынғы әріптестері шақырылған.

Іс бойынша майор Нұржан Айденов пен кіші сержант Заманбек Төлеген күдікті деп танылған.

Сот олардың екеуін де қылмыстық кодекстің "қызметке салғырт қарау" бабы бойынша кінәлі деп таныды.

"Айденов Нұржан кінәлі деп танылып, оған 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Бұлтартпау шарасы үйқамақтан қамауға ауыстырылып, сот залынан қамауға алынсын", — делінген сот үкімінде.

Іс бойынша екінші күдікті кіші сержант Заманбек Төлеген де кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар сот жәбірленушілердің азаматтық талап-арызын ішінара қанағаттандырды. Қорғаныс министрлігінен қаза тапқан курсанттың отбасына моральдық шығын ретінде 20 миллион теңге көлемінде өтемақы өндірілді.

Еске салсақ, 2025 жылдың шілдесінде Ақтөбеде әуе қорғанысы күштері әскери институтының курсанты парашютпен секіру кезінде қаза тапқаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Жұма, 10 Сәуір, 2026 20:22