Пәкістанда Мұхаммед пайғамбарға тіл тигізді деген христиан қызы өлім жазасына кесілмек
13 қазан күні Пәкістанның жоғарғы соты жергілікті тұрғын Асия Бибінің ісін қарауды бастайды. Оған Құдайға тіл тигізгені үшін өлім жазасы кесілуі мүмкін. Және ол осы заң бойынша өлім жазасына кесілген елдегі тұңғыш адам болмақ.
Бұл туралы The Independent хабарлайды.
Басылымның жазуынша, әйелді сонау 2010 жылы айыпты деп таныған. Сол уақыттан бері ол нақты үкімді күтуде және барлық инстанцияларға петиция таратуда.
Өлім жазасына алып келуі мүмкін оқиға 2009 жылы болған. Бірнеше мұсылман Бибіні “таза емес” христиан деп есептеп, онымен бірге бір ыдыстан су ішуден бас тартқан.
Ал оқиғаны көзбен көрмеген жергілікті имам әйел Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарға тіл тигізді деп айыптаған. Ал 2010 жылы оны өлім жазасына кескен. Ал оның өзі тек христиан діні үшін айып тағылғанына сенімді.
Пенджаб провинциясының бұрынғы губернаторы Салман Тасир Бибі үшін рахымшылық ұйымдастыруды қолға алған. Бірақ, 2011 жылы оны өзінің жеке күзетшісі өлтіріп тастаған. Айыпталушының күйеуі Ашиг Машиш Жоғарғы сот әйеліне рахымшылық береді деп үміттенеді. Оның сөзінше, әйелі бірнеше жылдан бері мүлде жағдай жасалмаған темір торда өмір сүріп келеді. Ал үйде оны бес баласы күтіп отыр.
Бибінің адвокаты болса оны Құдайға тіл тигізді дееп жеке жеккөрушіліктің кесірінен айыптап отыр дейді.
Пәкістанда мұндай заң сонау 19 ғасырдан бері келе жатыр. Бірақ 1980 жылдары ол барынша “исламиландырылған”. Осы уақытқа дейін ол заң бойынша ешкім ресми түрде өлім жазасына кесілмеді.