Пәкістанда лаңкестер жолаушылар пойызын атқылап, адамдарды кепілге алған
Пәкістанда "Белуджистанды азат ету" тобы 400 адам отырған пойызды атқылаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Getty Images
Олар пойызда отырған жолаушыларды кепілге алып, талаптары орындалмаса, адамдарды өлтіретіндерін мәлімдеді.
Шабуыл Jaffar Express компаниясының Кветтадан Равалпиндиге бара жатқан пойызына жасалды. Оқиға елдің оңтүстік-батысында, Белуджистан провинциясында орын алған.
Шабуылдан кейін пойыздың қозғалысы тоқтап қалды. Пойыз тау арасындағы туннельде тұрғаны хабарланды. Полицияның мәліметі бойынша, туннель маңында жарылыс пен атыс дауысы естілген.
"Белуджистанды азат ету" тобының мәлімдемесінде, олар пойызда отырған жолаушыларды және шабуылға қарсы әрекет еткен қауіпсіздік күштерін кепілге алғанын айтқан. Сонымен қатар, сепаратистер полиция мен әскери күштер шегінбесе, кепілдерге қатер төндіретіндерін ескерткен.
“Билік әзірге кепілдер туралы ақпаратты растамады. Пойызды атқылаудан кейін машинист жарақат алды”, – деп хабарлады полиция.
Полиция бұл аймаққа қауіпсіздік күштерін жібергенін мәлімдеді. Белуджистан провинциясының үкімет өкілі жергілікті Dawn басылымына берген сұхбатында қауіпсіздік күштері мен лаңкестердің арасында қарқынды атыс болғанын айтты.
Пәкістан ішкі істер министрі Мұхсин Нақви пойызға жасалған шабуылды айыптап, бейкүнә жолаушыларды атқылағандарға ешқандай жеңілдік жасамайтынын мәлімдеді.
"Белуджистанды азат ету" — 1970-жылдардың басында құрылған көтерілісшілер ұйымы, ол Белуджистанның тәуелсіздігін талап етеді және өңірдің ресурстарына толық бақылау орнатуды көздейді. Бұл ұйым көптеген елдерде, соның ішінде АҚШ, Ұлыбритания және Еуроодақ елдерінде террористік ұйым ретінде танылған.
Өткен жылы боевиктер Белуджистан провинциясында бірнеше өлімге әкелген жарылыстар жасаған болатын.
Еске салсақ, ХАМАС кепілге алынған үш израильдік әйелді босатқанын жазғанбыз.