"Емделмеймін деп шешім қабылдадым": Танымал әнші қатерлі ісікке шалдыққанын мәлімдеді
Фото: Видеодан скриншот
Қазақстандық әнші, актриса әрі продюсер Нора Нұғман (Нұргүл Нұғманова) Тимур Балымбетовке берген сұхбатында қатерлі ісікке шалдыққанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі 2 жыл бұрын омырауында түйін пайда болып, тексеріс нәтижесінде өзінен қатерлі ісік анықталғанын айтты.
“43 жылдан бері бір рет те тексерілген емеспін. Менің омырауымда түйін пайда болды, оны тексерту үшін ауруханаға бардым, дәрігерлер түйіннің қатерлі ісік екенін айтты. Барлық қажет анализді тапсырдым, қатерлі ісік екені расталды. Бірақ мен оны фиброаденома деп ойлаймын, өйткені мен дәрігерлерге сенуден қалдым. Алғашында мен сендім, қорықтым, дәрігерлер айтқан барлық емді қабылдадым, жағдайым жақсарды. Химия қабылдап жүргенде менің ойымды бөлген жалғыз дүние – жұмысым болды”, – деді ол.
Әнші бірінші рет ауырған кезінде химия қабылдап, аурудың бетін қайтарған. Алайда бүгінде түйін қайта шығып, сырқаты асқынып жатыр.
“Қазір менде рецидив, яғни түйін қайта шығып жатыр. Қазіргі жағдайым асқынып жатыр, өйткені ол түйін бұрынғыдай кішкентай емес, оған қоса лимфа түйінінде де пайда болған. Бірақ мен оған қарсы ешнәрсе істеп жатқан жоқпын. Ойымды бөлу үшін концерт беремін деп шештім. Қазіргі уайымым концерт”, – деді әнші.
Нора Нұғман қатерлі ісікке қарсы ем қабылдамайтынын жеткізді. Оның сөзінше, ол қалған уақытын ауруханада жатып, аурумен арпалысуға арнағысы келмейді.
“Айналамдағы адамдар “Қалай бұлай жеңіл жүре аласың?” деп сұрап жатады. Бұл менің таңдауым, әрбір адамға өз уақыты берілген деп ойлаймын. Мен ауруханада жатқым келмейді, аурумен арпалысқым келмейді. Мен қайтадан химия қабылдағым келмейді. Мен мұндай жағдайды басымнан өткіздім, мен ем қабылдасам, аяққа тұрамын де сендім. Құрбыларыма концертті өткізіп болған соң денсаулығыма қараймын деп уәде бердім. Бірақ рецидив дегенді естігенде өзім үшін шешім қабылдадым, мен емделгім келмейді” – деді ол.
Әнші тағдырын аллаға тапсырғанын жасырмады.
“Есесіне мен бүгінгі күнмен, осы сәтпен өмір сүруді үйрендім. Осы жеткілікті деп ойлаймын. Мен бұл шешімді жайдан жай қабылдаған жоқпын. Мен тағдырымды аллаға тапсырдым, мені қашан алатынын өзі шешеді, бұл оның құқығы. Әрине, біз бәріміз ұзақ әрі бақытты өмір сүргіміз келеді. Бірақ мен қазір, осында өмір сүремін деп шештім. Менің емім – музыка, менің емім – күнделікті істеп жүрген жұмысым. Бұл шешімім дұрыс емес шығар, бірақ жүрегім осыны қалайды”, – деді ол.
Айта кетейік, Нора Нұғман – әнші, актриса, продюсер. Ол джаз, этно-джаз және поп жанрларында ән айтады. Ол “Дара” дуэтінің мүшесі, жеке орындаушы және “Жұлдызды жол” секілді вокалдық жобаларда тәлімгер ретінде танымал. Әнші республикалық түрлі байқаулардың жеңімпазы атанған. Жақында ол жеке карьерасын қай қолына алып, үлкен концертіне дайындалып жатыр. Бұл концерт 2025 жылғы 28 қарашада Алматыда эстрада-симфониялық оркестрмен бірге өтеді.
Еске салайық, бұған дейін ақын Бақыт Беделханның пікірі қызу талқыға түскені хабарланған еді.
Боксшыларға жасалған жағдай бізге де жасалу үшін Олимпиада чемпионы болу керек — Ауыр атлетикадан Әлем чемпионы Нұрғиса Әділетұлы