Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өзіңіздің заң жобаңызды өзіңіз түсінбейсіз": Депутат Бақытжан Базарбек мәжіліс отырысында Қорғаныс министрінің орынбасарына килікті

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаевқа "патриот" ұғымы туралы сұрақ қойып килікті. Базарбек кейін оның жауабына көңілі толмай “өзіңіздің заң жобаңызды өзіңіз түсінбей тұрсыз” деп сынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Мәжілістен

Депутаттың айтуынша қазіргі жастар патриоттыққа жақын емес, ал үкіметтің бұл бағыттағы түсіндірме жұмысы шикі. 

“Жастармен көп араласамын. Солардың ішінен шыны керек, “мен патриотпын” деген адамды өз көзіммен көрмеппін. Жастардың өздері патриот деген сөзді білмейді. Оның мәні неде? Идеологиялық тұрғыда үлкен қателіктер кетіп отыр. 

Патриот деген кім? Ол уақытында салығын төлеп жүрген кәсіпкер ме? Патриот деген ел ақшасын жымқырмаған шенеунік пе? Әлде суға құлаған итті құтқарған жас па? Жоқ, TikTok-та жақсы нәрсе таратып жүрген жігіт пе? Кім ол патриот? Әлде ол үкімет пен депутаттарға ұрысып жүрген оппозиционер ме?

2023 жылғы үкіметтің қаулысы бар. Жастарды әскери патриоттыққа тәрбиелеу туралы 2030 жылға дейінгі концепция. Ол жерде елді сүю, елге адал еңбек ету, заңды қатаң сақтау деген принцип жоқ! Тек жалпылама төрт принцип бар. Неге мынадай принциптер жоқ? Сіз Қорғаныс министрлігінің орынбасары осыны маған айтыңызышы? Патриот дегеніміз кім?”,- деп сұрады ол  Қорғаныс министрінің орынбасарынан. 

Бұл сауалға Шайх-Хасан Жазықбаев былай жауап берді:

“Менің ойымша патриот деген өте үлкен ұғым. Тек әскерде ғана емес патриот барлық салада бар. Мысалы өзінің еңбегін дұрыс атқарған дәрігер, мұғалім, әскери қызметкер. Керек кезінде отанымызға қауіп-қатер төнгенде соңына дейін өзінің міндетін атқаруға дайын адам. Президент айтқандай адал еңбектегі адал адам. Осы ұғымдарды патроит деген кең ұғымға қосуға болады”,-деді.



Алайда бұл жауап Бақытжан Базарбектің көңілінен шықпады.

“Сонда сіздің сөзіңізге қарағанда дәрігер, оқытушы өз қызметін атқарса патроит болып есептеле ме сонда? Патриот деген сөздің өзі мәні басқаша. Өзіңіздің заң жобаңызды өзіңіз түсінбей тұрсыз! Міне патриот дегеніміз ең бірінші заңдарды сақтау. Заңды сақтап қана адамдарды елді сүюге тарта аламыз. Жобада елді сүю деген сөз жоқ. Ал адал атқару ол басқа нәрсе!”, – деп қосты ол.

Талқылау