Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өзін-өзі реттейтін ұйым" туралы заң жобасына такси компаниялары мен депутаттар қарсы шықты

Такси тасымалы нарығының өкілдері мен бірқатар мәжіліс депутаттары көлік министрлігінің саланы реттеу функцияларын өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру туралы ұсынысын сынға алды. Такси компаниялары өзін-өзі реттейтін ұйым идеясын мақұлдады. Бірақ олардың пайымдауынша, заң жобасы такси компанияларының кірісі мен салық шегерімдерін төмендетіп, тарифтердің өсуіне себеп болуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Kursiv.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Kursiv.kz

28 қарашада Алматыда "Такси Қазақстан 2024" форумы өтті. Оған мыңға жуық сала өкілдері жиналды. Ең көп талқыланған тақырып – Өзін-өзі реттейтін ұйымды құру.

Еске салайық, 2024 жылдың көктемінде Қазақстанның көлік министрлігі жолаушы тасымалдаушыларды өзін-өзі реттейтін ұйымға біріктіруді ұсынған еді. Бұл ұйымға әр адам өз еркімен қосылады. Алайда негізгі такси агрегаторлары мен такси жүргізушілері міндетті түрде ұйым құрамында болуы керек. Болашақта оларды "автотасымалдаушылар палатасы" деп атауы мүмкін. 

2024 жылдың 23 қазанында Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады.

"Қазақстанның такси және такси жалдау саласының қауымдастығы" төрағасы Жеңіс Мұхиев Көлік министрлігінің автобус компанияларын, таксилер мен автовокзалдарды өзін-өзі реттейтін ұйым аясында біріктіру идеясын жоққа шығарды.

"Бізде мүлде басқа бизнес-модельдер, әртүрлі мүдделер мен әртүрлі баға белгілеу принциптері бар", – деді ол. 

Мұхиев автобус компанияларының қалааралық такси қызметіне тыйым салу идеясын ұсынғанын алға тартты. Оның пікірінше, әртүрлі тасымал қызметінің өкілдерін арнайы біріктіру өзін-өзі реттейтін ұйымды тіршілікке қабілетсіз етуі мүмкін. Ол заң жобасының асығыс дайындалғанын айтып, такси компанияларының пікірін ескеруді ұсынды. 

"Егер мұндай ұйымдарды құрсақ, бірнешеуі керек. Оның үстіне, таксилер үшін жеке болғаны жөн", – деді ол. 

Фото: Kursiv.kz

Бұл ұсынысты Мәжіліс өкілдері қолдады.

Депутат Бақытжан Базарбек "Өзін-өзі реттейтін ұйымның" қандай принциппен құрылғанын түсінбейтінін жеткізді. 

"Ұйымға біріктірілсе, нәтижесінде хаос болады. Такси мен автобусты қалай бірге реттеуге болады? Екеуі екі түрлі қызмет. Осы идеяны бастағандардан оларды біріктіру үшін қандай тәсіл қолданғанын сұрағым келеді", – деді депутат. 

Ал депутат Мұрат Әбенов "Өзін-өзі реттейтін ұйымның" такси жүргізушілерінің әлеуметтік қорғау мәселелерін шешуге көмектеспейтінін айтты. Оның сөзінше, ұйым такси тарифі мәселесін шешпейді. 

Депутат Бақытжан Базарбек өзін-өзі реттейтін ұйым жоспарлы түрде көлік қызметі бағасының өсуіне әкелетінін айтты. 

"Тарифтер бірден көтеріледі. Өзін-өзі реттейтін ұйым оларды бақылай алмайтыны сөзсіз. Олар нарықтың осылай шешкенін хабарлайды. Бiрақ бәрiн мәжбүрлеп отырса, бұл қандай нарық?", – деді депутат.

Бұл ретте тарифтердің көтерілуі тасымалдау рентабельділігінің төмендеуімен біріктірілуі мүмкін.

Yandex Go өкілі Сұлтан Бижанов ыңғайлы тариф орнатудан бас тарту саланың инвестициялық тартымдылығын төмендететінін айтты. Оның сөзінше, осыдан кейін жаңа цифрлық платформалардың келуін және бәсекелестіктің күшеюін күтудің қажеті жоқ. Ол көлік қауіпсіздігінің төмендеуінен қорқады. 

"Біз жаһандық IT-компания ретінде әлемнің әртүрлі елдерінде қауіпсіздік мәселелерін Өзін-өзі реттейтін ұйымға беру жағдайдың нашарлатқанын көріп отырмыз. Өзін-өзі реттейтін ұйымның жекелеген мүшелері өз мүдделері үшін шарттарды жеңілдетуге итермелейді", – дейді ол. 

Ал мемлекеттік органдардың өкілдері заң жобасын қолдады. Қазақстан Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитеті Әкімшілік практика басқармасының бастығы Асқар Тәженовтің сөзінше, ұйымды құру арқылы нарық қатысушылары өз мәселелерін тиімді шеше алады. 

"Өзін-өзі реттеу ұйымы аясында нарық қатысушылары өз мәселелерін тиімді шеше алады. Сондай-ақ тасымалдау мәдениетін көтеруге мүдделі болады", – дейді ол. 

Көлік министрлігінің өкілдері Форумға келген жоқ. Ал нарық өкілдері бұл заң жобасының қазіргі нұсқасы әлі өте шикі екенін және оны айтарлықтай жетілдіру қажет екенін айтты.

"Біз нарықтың өзін-өзі реттеуін жақтаймыз. Бірақ бұл заң жобасына келетін болсақ, әзірге шикілік бар. Барлық қатысушылардың пікірін ескеру үшін көбірек уақыт қажет. Онсыз инновациялар әлеуметтік наразылық тудыруы мүмкін", – деді Жеңіс Мұхиев. 

Талқылау