"Кісенді шешіп, өзі қанды ішті ме деген": Бишімбаевты ұстау кезіндегі полицейлердің әрекетін ішкі істер министрлігі тексереді
Бишімбаевты ұстау кезінде полицейлер оның қолынан кісенді шешіп, темекі шегуге рұқсат беріп, Салтанат Нүкенова туралы “өзі қанды ішті ме?” (сама нозила? – ред.) деп сұраған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Жоғарғы соттың баспасөз қызметі
Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты ұстау кезінде полиция қызметкерлерінің іс-әрекеті қаншалықты заңды болғанын айтты.
9 сәуірде сотта полиция жетоны камерасынан Қуандық Бишімбаевты қалай ұстағаны туралы бейнеролик көрсетілді. Полиция қызметкерлері көшеде оның қолынан кісенді шешіп, темекі шегуге рұқсат береді. Сотталушымен сөйлескен кезде құқық қорғау органы қызметкерінің бірі оқиғаның егжей-тегжейін нақтылап, Салтанат Нүкенова туралы "сонда өзі қанды ішті ме?" деп сұраған.
Сенат кулуарында Игорь Лепеха ішкі істер министрлігі бұл фактіні тексеретінін мәлімдеді.
"Мен бұл видеоны көрген жоқпын, зерттеп көрейік. Темекі шегуге рұқсат бермеуі керек еді, бірақ кісенін алып тастай алады. Арнайы ережелер бар, ол көлікке дейін кісенмен баруы керек, ал көлікке мінгенде біз кісенді шешіп тастай аламыз. Бұл – қалыпты жағдай. Cебебі ертең бізді азаптады деп кінәламауы керек. Ал темекі шегуге келсек, қарау керек, зерттеу керек. Біздің барлық әрекетімізге баға беретін тиісті бөлімшелер бар", – деді Игорь Лепеха.
Ол министрлікте осындай істермен айналысатын жеке қызмет бар екенін айтты.
"Мен оларға осы әңгімені жеткіземін, бақылауды, тексеруді талап етемін. Егер олар қандай да бір бұзушылық анықтаса, сізге бұл аса қажет болса, жазалайық. Бәрін жазалаймыз, жақсы, әңгіме жоқ", – деді министрдің орынбасары.
Айта кетейік, бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды.
Сот ісі жалғасып жатыр.