"Өзенге батырып, шылыммен күйдірген": Алматы облысында әйелдер 16 жастағы қызды ұрлап кетіп жыныстық зорлық-зомбылық көрсетті деп айыпталды
Фото: Видеодан скрин
16 тамызда Алматы облысында 29 жастағы екі әйел 16 жастағы қызды алдап, үйден ұрлап әкетіп, зәбір көрсеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“НеМолчи” қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрінің мәліметінше, кәмелет жасқа толмаған қызға қорлық көрсеткен әйелдің бірі – “Масақ ауылдық округі әкімінің аппараты” мемлекеттік мекемесінің қызметкері.
“Олар қызды ұрып-соғып, денесін темекімен күйдіріп, өзенге батырып, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер жасаған. Қол-аяғын сүйгізуге мәжбүрлеген, сөйтіп мұның бәрін видеоға түсірген. Кейін осы бейнежазбалармен бопсалап, үш миллион теңге талап еткен. Олардың біреуі қыздың жігітіне жазғанын білген. Қыз университет жайлы сұрамақ болған. Сөйтіп оған сол жігіттің нөмірін берген. Ал әйел қызғанған”, – деп жазды Дина Таңсәрі.
Сондай-ақ Алматы облысы полициясы жәбірленуші тараптан қылмысқа қатысты ақпарат таратпауын сұраған. Алайда өздері 16 жастағы қыздың жеке деректерін желіге таратып жіберді деген ақпарат тарады.
“Жәбірленуші тараптың және күдіктілердің барлық жеке деректері оқиғаның толық сипаттамасымен бірге желіге тарап кетті. Желіде тараған ақпараттың ішінде қыздың және оның туыстарының аты-жөні, мекенжайы, телефон нөмірлері бар. Қазір WhatsApp чаттарында осы қылмысқа қатысты ақпарат тарап жатыр. Жәбірленуші қыздың барлық туыстары да, олардың тұратын ауылының халқы да оқиғаның барлық егжей-тегжейін біліп отыр”, – деп жазды “НеМолчи” қоғамдық қорының жетекшісі.
Облыстық полиция департаменті қылмыстың болғанын растап, қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
“Кәмелетке толмаған жасөспірімге дене жарақатын салып, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Екі күдікті әйел құрықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр. Кінәлілер заңға сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылады”, – делінген хабарламада.
Алайда ведомство жәбірленуші тарап пен күдіктілердің жеке деректерін полиция қызметкерлері таратып жіберді деген ақпаратты жоққа шығарды. Десе де ол жайтты да тексеруге уәде етті.
“Қылмыстық процеске қатысушылардың жеке деректері жария болды деген мәліметтер тексеріліп жатыр”, – деп мәлімдеді полиция. Алматы облысында әйелдер 16 жастағы қызды ұрлап кетіп жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткен.

Желіде тілі шықпаған баланы қой ішегімен қылқындырғандардың видеосы тарады: Логопед-дефектолог ырымның үлкен қаупін айтты
