Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өзегімді өртейтін өкініш": Дана Нұржігіт әкесінің қазасы ұлына қалай әсер еткенін айтып берді

Танымал тележүргізуші Дана Нұржігіт бала тәрбиесі туралы ойын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: “Алғашқы” бағдарламасынан скриншот

Жақында тележүргізушінің экс жұбайы, ұлының әкесі, белгілі продюсер Владимир Рерих дүниеден озған еді. 

“Әлім дүниеге келген күннен бастап бәрі кітаптағыдай болсын деумен әлек едім. Ондай болмай жатса, өзімді бір түрлі кінәлі сезініп, әсіресе,бала қызуы көтеріліп ауырып жатқанда дәрігер мен күтушісіне тапсырып, бәрін тастап түсірілімге ұшып кететінім есіме түссе, жанымды жегідей жейтін өкініштің өрті жүрегімді жалмап кететін. Қазір ойласам, осылайша алаңдағаным түптің түбінде баланың көңіліне кесірін тигізеді екен. Иә, ол сағынады. Иә, алаңдайды. Бірақ,бала мұндай сезімнің қандай болатынын, анасын қаншалықты жақсы көретінін, жалғызсырау, сағыну дегеннің не екенін де білу керек деп ойлаймын.
Ал, қайта көріскенде мауқын басып, елжіреп, ата-ананың ыстық құшағын, ананың аялы алақанын, әкенің арқасынан қағып, маңдайын иіскегенінің құны мың есе артады. Сағыныштан кейін көрісу бала мен ата-ананы одан сайын жақындата түседі”, – деп жазды журналист. 



Сонымен қатар әкесінің қазасы ұлына қалай әсер еткенін де бүкпесіз баяндады. 

“Әлімнің басына түскен соңғы жағдайда, баланың көңілі қалай болар екен деп алаңдадым. Қатты уайымдадым. Кейін қарасам, Әлім бұған дейін есіне түскенде ғана қолына алатын қойын дәптерін соңғы кездері жиі ашатын болған. Соны көріп, көңілім жайланды. Демек, іштегі сезім, ой жанына беріш боп қатпай, сөз болып, қағаз бетіне түсетін болып тұр ғой! Жан сырын, шерін тарқататын “дос”тапқанына қуандым. Баланың өз ойы, әлемі, өз құпиясы бар деген сөз. Ол әлемге рұқсатсыз кіруге ешкімнің һақы жоқ! Жасөспірім шақта өзіне өзі есеп беріп, өзімен өзі күбірлесіп, жан дүниесімен сырласа білу өте маңызды! Рефлексия – саналы адамның әрекеті”, – дейді тележүргізуші. 

Еске салайық, танымал тележурналист ұлының әкесінен кешірім сұрағанын жазған едік. 

Талқылау