Өзбекстанның Expo-2025 көрмесіндегі павильоны Red Dot Award жүлдесін жеңіп алды
Фото: vida.press
Өзбекстанның Осака қаласындағы Expo-2025 көрмесіне арнап салынған павильоны әлемдік деңгейдегі беделді Red Dot Award жүлдесін жеңіп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Медуза басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Павильонды әйгілі неміс сәулет бюросы – Atelier Brückner жобалаған. Бұл студия бұған дейін Гизадағы Ұлы Египет музейі мен Абу-Дабидегі Луврдың балалар бөлімінде де жұмыс істеген. Жоба авторларының айтуынша, павильонның архитектуралық шешімдері Өзбекстанның дәстүрлі сәулет өнеріне негізделген. Ең қызығы – павильонды құраған ағаш құрылымдар кейін Өзбекстанға жеткізіліп, өзге мақсаттарда қайта пайдаланылуы мүмкін.
Соңғы жылдары Өзбекстан халықаралық өнер алаңдарында белсенділігімен көзге түсіп келеді. Мысалы, 2024 жылы Венециядағы қазіргі заманғы өнер биенналесінде ұсынылған "Don’t Miss the Cue" атты өзбек жобасы көрермендер мен сыншылар тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Бұл жетістіктердің артында Өзбекстанның мәдениет және өнерді дамыту қорының төрайымы – Лондондағы Saint Martins колледжінің түлегі Гаянэ Умерова тұр. Ол аталған қорға 2020 жылы жетекшілік ете бастады. Оның бастамасымен биыл қыркүйек айында тұңғыш Бұқара биенналесі өтпек. Умерованың өзбек президентінің қызы Саида Мирзиёевамен жақын байланыста екені де басылымдарда жиі жазылады.

"Денесін күйдіріп, саусағын сындырып, тиын жұтуға мәжбүрлеген": Балқашта ер адам 8 жасар баланы соққыға жықты деп айыпталды
