Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өзбекстандық әлем чемпионы қазақстандық боксшымен финалдық жолдаманы сарапқа салудан бас тартты

БоксФото: Boxingkazakhstan

Дубайда IBA ұйымдастыруымен өтіп жатқан әлем чемпионатында 75 келіде бақ сынаған Сабыржан Аққалықов біріншіліктің ақтық сынына тікелей жолдама алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сабыржан Аққалықов жартылай финалда өзбекстандық Фазлиддин Эркинбоевпен жұдырықтасуы тиіс болған еді.

Алайда қарсыласы қолындағы жарақатына байланысты жекпе-жекке шығудан бас тартты. Осылайша Аққалықов тікелей ақтық cынға жолдама алды.

Айта кетейік, Сабыржан Ливерпульде өткен әлем чемпионатындағы сәтсіз өнерінен соң жанкүйерлерге ауыр сөздер айтамын деп, сынға ұшыраған еді.

Ал Семейде өткен ел біріншілігінде ерлер арасында үздік боксшы атағы дәл осы 23 жастағы қарағандылық Сабыржан Аққалықовқа бұйырды. Ол қарсыластарының бәрін айқын басымдықпен ұтып, финалда да сенімді жеңіске жетті.

Ақерке Өмірхан
Бейсенбі, 11 Желтоқсан, 2025 15:29