Өзбекстанда туған қазақ боксшысы енді Қазақстан намысын қорғайды

Өзбекстанда дүниеге келген қазақ боксшысы Саят Ілиясов енді Қазақстан құрамасының намысын қорғайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы бокстан әлем чемпионы Ердос Жаңабергенов мәлімдеді. Оның айтуынша, Саяттың Қазақстанға келгеніне небәрі 2–3 күн ғана болған.
"Қазір барлық бұқаралық ақпарат құралдары шулап жатыр. Өзбекстаннан боксшы келсе, елдің ерекше назар аударатыны түсінікті. Бірақ кейбір жаңалықтарды жазарда мәселенің ақ-қарасын анықтап алған жөн. Қазір Саятқа қатысты түрлі ақпарат желіде тарап жүр.
Саяттың Ақтауға келгені рас. Алайда көшіп келгеніне бір апта да болған жоқ. Ол әлі Қазақстан азаматтығын алған жоқ. Ішкі жарыстарға қатысу үшін алдымен азаматтық алу қажет. Қазір сол құжаттардың мәселесімен айналысып жүр. Саят Ақтауда жаттығады. Әзірге Қазақстанға өзі ғана келді, ал ата-анасы жұмыс жағдайына байланысты сәл кейінірек көшіп келеді", – деді Жаңабергенов.
Саят Ілиясов бұған дейін Өзбекстан құрамасы сапында жоғары деңгейде өнер көрсеткен.
Айта кетейік, Саят Ілиясов 2022 жылы жастар арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанса, 2025 жылы 22 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия біріншілігінде топ жарды.
Аталмыш турнирде 60 келі салмақта финалда ол қазақстандық Илья Калининді жеңген.
Алдағы уақытта Қазақстанда Саят Ілиясовты Марат Жақиев жаттықтыруы мүмкін.
"Мобилографты комиссия мүшесі ететіндей Ата заң ойыншық емес қой": Конституциялық реформа комиссиясының мүшесі болған Балтабаев тағы да көпке жақпай қалды