Өзбекстанда 300-ге жуық шенеунік кедейлікпен күреске салғырт қарағаны үшін жұмыстан босатылды
Өзбекстанда жұмысқа жауапсыздығы мен салғырттығы үшін шаруашылық кешенінің 297 басшысы жұмыстан босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Gazeta.uz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: parliament.gov.uz
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев олардың орнына заманауи ойлау қабілеті бар жас мамандар келетінін айтты. Ол кейбір шенеуніктердің махаллалардағы (ауылдар мен аудандар) кедейлікті азайтуға шындап кіріспейтінін жеткізді.
"Қатаң ескертемін: егер басшы махаллаға барып, біздің азаматтар мен кәсіпкерлердің мәселелерін шешуге кіріспесе, ол жұмыс істей алмайды. Барлығы өзгеруі керек. Әлемдегі саяси және экономикалық жағдайдың сәт өткен сайын күрделеніп, жаңа қауіп-қатерлердің туындап жатқанын көріп отырсыздар", – деді президент.
Мирзиеевтің айтуынша, басшылар "бұл уақытша, бір-екі жылдан кейін бәрі өтеді" деген оймен өмір сүріп жатыр.
“Бірақ олардың орнын "жаңа тәсілдерді енгізуге және халықтың сұранысын қанағаттандыруға дайын" заманауи ойлау қабілеті бар жас мамандар басып жатыр. Өзбекстанда 2025 жылға дейін 1,5 миллион адам кедейліктен құтылуы керек”, – деді Мирзиёев.
Айта кетейік, бұған дейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзеев ата-анаға балаларын тәрбиелеу кезінде ұруға тыйым салатын заңға қол қойған еді.