Өзбекстандық боксшы тағы да допинг дауына ілікті: Спортшы үш жылға спорттан шеттетілді
Фото:© Richard Pelham / Stringer / Getty Images Sport / Gettyimages.ru
Париж Олимпиадасының чемпионы, өзбекстандық боксшы Лазизбек Муллажонов допинг қолданғаны үшін үш жылға спорттан шеттетілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы Халықаралық допинг-тестілеу агенттігі (ITA) ресми мәлімдеді.
ITA хабарламасына сәйкес, дисквалификация 2025 жылдың 22 шілдесінен бастап 2028 жылдың 21 шілдесіне дейін күшінде болады. Алғашында боксшыны төрт жылға шеттету қарастырылған, алайда ол өз кінәсін мойындауына байланысты жаза бір жылға қысқартылған.
“2025 жылдың 11 маусымында жарыстан тыс алынған допинг сынамасынан метастерон атты тыйым салынған зат анықталды. Спортшы өзінің кінәсін жоққа шығарған жоқ. Ерте мойындауына байланысты жаза төрт жылдан үш жылға қысқартылды”, – делінген ITA ресми хабарламасында.
Сонымен қатар Муллажоновтың 2025 жылдың 11 маусымы мен 22 шілдесі аралығында көрсеткен барлық спорттағы нәтижелері күшін жойды.
Айта кетейік, Өзбекстан құрамасы 2024 жылғы Париж Олимпиадасында бокс бойынша бес алтын медаль жеңіп алған еді. Соның бірі осы Лазизбек Муллажонов болған. Ол 92 келі салмақта чемпион атанған. Муллажонов 2022 жылғы Азия чемпионы, 2023 жылғы Ташкентте өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері.
"Үш сағат істейтінді бізде он минутта бітіреді": Германиядағы қазақ дәрігері сүндеттеу ісінде Қазақстан қалай алға кеткенін айтып берді

