"Өз қалауларына қарай бас тарту себебін ойлап шығарады": Саяхатта балық тістеп алған қазақстандық ер адам сақтандыру көмегінсіз қалған

Фото: ЖИ
Қазақстандық ер адам Nomad Insurance сақтандыру компаниясына шағымданды. Сөзінше, шетелге сапары кезінде ол жарақат алған, алайда компания аталмыш жарақат сақтандыруға кірмейтінін айтып бас тартыпты. Енді ол болашақта қандай сенімді компанияға жүгінуге болатынын сұрайды.
Дмитрий Сычев есімді ер адам Threads желісінде тап болған келеңсіз оқиғасын баяндады. Ер адам қазан айында Таиландқа саяхаттап барған екен. Сапарының соңғы күндерінде ер адамды жағажайдың жанында балық тістеп тастаған. Тіпті денесі қанталап қалғанын айтады.
“Мен Remed Assistance компаниясына хабарластым, себебі туристерге медициналық көмекті Nomad Insurance серіктесі Remed Assistance халықаралық көмек компаниясы көрсетеді. Алайда олар бас тартты. Өз қалауларына қарай бас тарту себебін ойлап шығарады. Nomad компаниясының өзі маған мүлдем жауап бермеді. Болашақта қандай сенімді сақтандыру компанияларын ұсына аласыздар?”, – деп жазды желі қолданушы.
Ер адам сақтандыруды 10 долларға (5050 теңге) рәсімдепті. Ал Remed Assistance компаниясы мұндай жарақат салдарын сақтандыру өтемейтінін айтқан.
“Бұл жағдай сақтандырумен қамтылмаған, тек қалауыңыз бойынша тексеруден өтуге болады. Келісімшарттың 11.4-бөлімі бойынша “Иттер мен мысықтардың тістеп алуы, жәндіктер мен кенелердің шағуы, кез келген теңіз тіршілігінен күйік, теңіз маржаны, теңіз кірпілері және теңіз өсімдіктерінен болған жарақатты диагностикалау немесе емдеу сақтандыруға кірмейді”, – деп мәлімдеді Remed Assistance.
Алайда Сычев бұл жағдайда балықтың тістеп алуы жоқ екенін, демек сақтандыруға кіруі керек екенін айтып тұр.
Nomad Insurance ер адамның жазбасына пікір қалдырып, байланысқа шығуды сұраған.
“Көмекші компаниялар "өз қалауы бойынша" шешім қабылдамайды. Олар сақтандыру шарттары мен талаптарын және өтінімдерді қарау ережелерін қатаң сақтайды. Өтінішіңізді мұқият қарастыру үшін бізге сақтандыру полисінің нөмірін және өтінішіңіздің күнін жеке хабарлама арқылы жіберіңіз. Біз міндетті түрде бәрін тексеріп, сізге кері байланыс береміз”, – деп жазған компания.
Stan.kz тілшісі жағдайды толығырақ білу үшін Nomad Insurance сақтандыру компаниясына сауал жолдады. Компания расымен аталмыш жарақат түрін сақтандыру қоры жаппайтынын мәлімдеді.
“Мысық, ит және басқа жануарлардың тістеп алуы, жәндіктердің шағуы, теңіз тіршілігінен (медуза, балық және т.б.) алынған күйіктер мен жарақаттарды сақтандыру полисі өтемейді. Полис тек келісімшартта тікелей көрсетілген тәуекелдерді қамтиды”, – делінген хабарламада.
Сөзінше, сақтандырылған адам бас тарту себебімен келіспесе, арыз жаза алады.
“Біз әрқашан клиенттерге полис сатып алмас бұрын сақтандыру ережелерін мұқият оқып шығуды ұсынамыз. Сондай-ақ менеджермен кез келген түсініксіз мәселелерді нақтылап, қай тәуекелдер қамтылғанын және қайсысы қамтылмағанын анықтауы керек. Кез келген сақтандырылған оқиға болған жағдайда, алдымен Assistance компаниясына хабарласыңыз, содан кейін ғана өз қаржылық шешімдеріңізді қабылдаңыз”, – деп мәлімдеді Nomad Insurance.
Осы жазбаның астында басқа желі қолданушылары да Nomad Insurance-пен болған сәтсіз жағдайлары туралы жазды.
“Nomad-пен бірнеше рет жағымсыз тәжірибем болды. Баламның тамағы ауырып, ангина болды. Сондықтан мен Remed-қа хабарластым, олар "Қонақүйдегі дәрігерге көрініңіз" деді. Бірақ қонақүй дәрігеріне ақша төлеу керек. Мен онда несіне сақтандыру жасатқанымды сұрадым. Тағы да баламның қызуы көтеріліп, ангина болған кезде Remed-тен келген дәрігер келіп, антибиотиктер жазып берді. Екі күннен кейін басқа баламда дәл осындай белгілер болды. Сол кезде оларға қоңырау шалдым, олар "Дәрігерге бару ұсынылады" деп жазды. “Біз жалпы тәжірибе дәрігерін жібере аламыз, бірақ емханаға бару керек болса, ол ақылы. Себебі бір себеппен тек бір кеңес беріледі, ал емханадағы дәрігердің қабылдауы төленеді. Неліктен олар бірінші жағдайда дәрігер жібереді, ал екінші жағдайда мен емханаға баруым керек? Мен енді олардан сақтандыру алмаймын”, – деп жазды қазақстандық әйел.
Тағы бір жағдайда жамбасы сынған әйелдің емі өтелмегені жазылды.
“Күйеуімнің анасы жамбасын сындырып алды. Бұл шұғыл жағдай және оған жамбас имплантаты қажет болды. Жол жүретін жағдайда емес еді. Nomad сақтандырудан бас тартты, себебін сақтандыруға кірмейді деп түсіндірді”, – деп жазды желі қолданушы.
Шымбұлақтан да үлкен жаңа Көкжайлау тау шаңғысы курорты салынады: Жоба алматылықтар үшін не береді