Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Ойындарды неге тікелей эфирден көрсетпейді”: Матчта алаңнан қуылған Шерханның анасы жан айқайын айтты

Шерхан Қалмырза анасыФото:Stan.kz collage

Футболдан Қазақстанның 19 жасқа дейінгі құрамасы Украинаға қарсы шешуші матчта 3:0 есебімен жеңіліп қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ойын барысында қазақстандық қақпашы Шерхан Қалмырза қызыл қағаз алып, алаңнан кетуге мәжбүр болды.

Матчтың 30-минутында ол айып алаңынан тыс жерде қарсылас ойыншыны тоқтатуға әрекет жасап, бас төреші бірден оған қызыл қағаз көрсетті. Бұл жағдай матч барысына айтарлықтай әсер етті.

Осыдан кейін қазақстандық команда ойынды 10 футболшымен жалғастырды, ал Украина құрамасы сан басымдығын тиімді пайдаланды.

Нәтижесінде Қазақстан жастары іріктеу кезеңіндегі маңызды ойында ұпай ала алмады.

Ойыннан кейін Шерханның анасы Сәуле Рабаева пікір білдіріп, төрешінің шешіміне наразы екенін айтты. Сондай-ақ ол осындай маңызды матчтарды елімізде тікелей эфирде көрсету қажеттігін атап өтті. 

"Осындай маңызды ойындар елге көрсетілуі керек. Даулы сәттер туындағанда бейнеқайталау арқылы төреші шешімінің қаншалықты әділ болғанын анық көруге болар еді", – деді Шерханның анасы.

Айта кетейік, матчта тнидерландтық төреші Джоуи Коэй бастаған қазылар алқасы төрелік етті.

Бұған дейін Қазақстан құрамасы Румынияны 2:0 есебімен жеңіп, турнирлік кестеде бірінші орынға шыққан еді.

Енді U-19 құрамасы 31 наурыз күні Солтүстік Ирландия жасөспірімдер командасына қарсы ойнайды. Еуро-2026 турнирінің финалдық кезеңіне тек топ жеңімпазы ғана жолдама алады.

Ақерке Өмірхан
Дүйсенбі, 30 Наурыз, 2026 14:51