Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ойын сауық орталығы мен тойханаларға айналған: Қазақстанда жекеменшік мектептерде миллиардтаған теңге жымқырылғаны әшкере болды

Ойын сауық орталығы мен тойханаларға айналған: Қазақстандағы жекеменшік мектептер мен әлеуметтік салада миллиардтаған теңге жымқырылғаны әшкере болды

Фото: Оқу-ағарту министрлік

Елімізде мемлекеттік тапсырыс алатын жеке мектептерден заң бұзушылықтар анықталды. 745 мекеменің 155-і алған кірісін жасырып қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қаржы министрлігі мемлекеттік тапсырыс алатын жекеменшік мектептерді қаржыландыруда өрескел заңбұзушылықтарды анықтады.

“Атап айтқанда, 745 мекеменің 155-і алған кірісін көрсетпеген. Цифрландырылған 427 мектептің шамамен 30%-ы өз қызмет түрі бойынша бекітілген мақсаттарына сай емес. Мәселен, Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы мектептердің бірі – тойхана ретінде, Шымкентте – сауда орталығы және тағы басқа деп көрсетілген”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ 64 мектепте оқушылар саны тиісінен 2 есе артық екені белгілі болды. 

“Мысалы, Алматы облысында орналасқан жобалық қуаты 60 адамға есептелген жекеменшік мектептердің біріне іс жүзінде 702 оқушы қабылданған. Бұл жерде азаматтарға білім беру қызметтерін ұсынған сыңай танытып, мемлекет қаражатын мақсатсыз жұмсайтындар туралы сөз болып отыр. Астана қаласындағы 241 оқушыға арналған жекеменшік мектептің құжаттарында 1003 адам көрсетілген”, – деп мәлімдеді премьер-министрдің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар жекеменшік мектептерде жалған мұғалімдер мен қосарланған қаржыландыру фактілері анықталды.

Жаңа сервис білім беру саласындағы барлық ақпараттық жүйелерді біріктіреді. Бұл мектептер мен мұғалімдерге жүктеме талаптарының сәйкестігін бақылау шараларының тиімділігін арттыруға, сондай-ақ орынсыз шығындарды сүзгіден өткізу және жол бермеу арқылы бюджет жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

Бүгін жекеменшік мектептердің 86%-ы авторизациядан өтіп, БЦП-мен пайдаланушы келісіміне қол қойды. Қаржы министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, жекеменшік мектеп директорларымен қаржыландыру жүйесін өзгерту туралы түсіндіру семинарларын өткізуде. Биыл көрсетілген қызметтер үшін мектептерге төлемдер жасалатынын атап өткен жөн. Сонымен қатар 2026 жылдың қаңтарынан бастап мұндағы қызмет жаңа ақпараттық жүйемен қатаң реттелетін болады. Алдағы уақытта осы сервиске білім беру саласындағы мемлекеттік қаржыландырудың барлық түрін қосу жоспарлануда. Олар:

  1. Мемлекеттік тапсырыстар;
  2. Гранттар;
  3. Стипендиялар;
  4. Жатақхана орындарымен қамтамасыз ету жұмыстары.
“Жүргізілген тексеру жұмыстары жекеменшік мектептерді қаржыландыру мәселелерінде көптеген заңбұзушылықтарды анықтады. Шынында, біз мемлекеттің жоқ оқушылар үшін жиі ақша төлейтінін көріп отырмыз. Бұл нарықта тұтастай заңсыз индустрия қалыптасты. Оқу-ағарту министрлігі мен Қаржы министрлігі келесі қаржыландыру жылынан бастап аталған салада толықтай тәртіп орнатуы керек. Бірде-бір мемлекеттік теңге нарыққа жосықсыз қатысушылар мен шенеуніктердің қалтасына түсіп, ысырап етілмеуге тиіс”, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Жиынды қорытындылаған премьер-министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы, Оқу-ағарту министрліктеріне, сондай-ақ өңірлердің әкімдіктеріне бірқатар тапсырма берді.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 17 Қараша, 2025 15:43
Талқылау