Министрлік Қазақстанның Ираннан келетін босқындарды қабылдауға дайын екенін айтты

Сыртқы істер министрлігі Ираннан келетін босқындар мәселесіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет брифингінде журналистер Сыртқы істер вице-министрі Әлібек Бақаевқа Қазақстан Ираннан келетін босқындарды қабылдауға дайын ба, деген сауал қойды.
Вице-министрдің айтуынша, қақтығыс басталғалы Иранда немесе Таяу Шығыстың өзге елдерінде тұратын этникалық қазақтардан ресми өтініштер түспеген.
“Ең алдымен, Иран Ислам республикасының азаматтарына қатысты мәселені ескеру қажет. Біз өзге мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау саясатын ұстанамыз. Теориялық тұрғыда айтсақ, егер азаматтар жүгінсе, мәселе олардың этникалық тегіне емес, азаматтығына байланысты қаралады”, – деді Бақаев.
Сыртқы істер министрлігі Ираннан қазақстандық дипломаттар елге жеткізілгенін айтты
Қазақстан Таяу Шығыстағы қақтығыста ешқандай тарапты қолдамайды
Журналистер мұндай азаматтарға босқын мәртебесі беріле ме деп сұрады. Шенеунік бұл қолданыстағы хаттама талаптарына сай келген жағдайда мүмкін екенін айтты.
“Қазақстан үлкен босқындар легін қабылдауғап дайын ба?” деген сұраққа Бақаев пікір білдірді.
“Әрине. Мұндай хаттамалар бар. Мемлекеттік органдар өз құзыреті шеңберінде қандай жұмыс жүргізу керегін біледі. Бірақ тағы да атап өтемін, мұндай өтініш түскен жоқ, ондай дабыл жоқ. Мәселе біздің бақылауымызда”, – деді Бақаев.
Журналистер вице-министрден жергілікті қазақтардың жағдайы туралы сұрады. Ал Бақаев олардың Иран Ислам республикасының азаматтары екенін айтты.
“Горганда тұратын этникалық қазақтар – Иран Ислам Республикасының азаматтары. Олар Иранның заңдары мен тәртібіне бағынады. Біз үшінші елдің саясатына араласа алмаймыз. Егер теориялық тұрғыда этникалық қазақтар Қазақстанға қоныс аудару мәселесімен жүгінсе, бұл мәселе ең алдымен Иран билігімен шешіледі. Әңгіме Иран азаматтары туралы болып отыр және бұл саяси жағдайға байланысты емес”, – деді вице-министр.
Журналистер бұл азаматтар босқын мәртебесіне үміткер бола ала ма деп сұрады.
“Бізде мұндай мәртебе беру бойынша хаттама және нақты алгоритм бар. Заңнамада рәсім толық жазылған. Ол қай мемлекеттен жүгінгеніне қарамастан қолданылады. Егер адамдар ұлттық критерийлер мен талаптарға сәйкес келсе, бұл процедурадан өте алады. Мұндай жағдайлар бұрын да болған”, – деді ол.
Горганда Қазақстан азаматтары бар ма деген сұраққа, Бақаев болуы мүмкін екенін айтты.
“Олардың саны көп емес, бірақ кәсіппен айналысатын адамдар болуы мүмкін. Біздің бас консул азаматтарымызбен байланыста”, – деді ол.
Горган қаласы (Голестан провинциясы) тарихи тұрғыда қазақ диаспорасымен байланысты. Әртүрлі дерек бойынша, бұл қалада шамамен бес мың этникалық қазақ, ал провинцияның өзінде тағы бірнеше мың қазақ тұрады. Горганда Қазақстанның Бас консулдығы жұмыс істейді.
Бұған дейін Сыртқы істер министрлігі Горгандағы консулдықтың байланыс нөмірлерін жариялаған:
- +98 912 298 0350 (ұялы);
- +98 173 252 0443 (жұмыс);
- +7 701 771 34 01 (WhatsApp).
Еске салайық, Қазақстан мен Иран Каспий теңізі арқылы шектеседі. Алайда ортақ құрлық шекарасы жоқ. Екі ел арасындағы көлік қатынасы теңіз порттары арқылы және Түркіменстан арқылы өтетін теміржол магистралімен жүзеге асырылады.
Айта кетейік, бұған дейін Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Иран мен араб елдері арасындағы келіссөздерге алаң ұсынуға дайын екенін айтқан еді.
"Бәрі бір сәтте мәнсіз болып қалды": Таяу Шығыста қиын жағдайға тап болған қазақстандықтар көргендерін айтып берді