Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Есеп үшін видеоға түсіріп алыңдар": Белгілі журналист облыстық Антикор ұйымдастырған кездесуден "қорланып кеткенін" айтты

Жазушы, журналист Қанат Тілеухан өзінің Facebook-тегі парақшасында Талдықорғанға оқырманмен кездесуге келісіп, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Қоғамдық даму басқармасы ұйымдастырған іс-шараға тап болғаны туралы жазба жариялады. Stan.kz тілшісі шараны ұйымдастыруға атсалысқан Жетісу облысы жастар ұйымынан болған жағдайға қатысты сұрау жолдады. 

Фото: facebook.com/kanat.tileuhan

Журналист Қанат Тілеуханның айтуынша, өткен аптада Талдықорғаннан бір жігіт хабарласып, кездесу ұйымдастырылып жатқанын айтқан.

“Аға ертең келе аласыз ба?” дейді ентігіп. “Тыныштық па?” деймін. “Сізбен кездесу ұйымдастырсақ” дейді. Б.Римова театрында "Медаль" спектаклі қойылғанда ғана туған жерде бір шығармашылық қауышу болған еді. Осы уақытқа дейін Талдықорғанда оқырманмен бес минуттық та кездесу өткізбеппін. “Жақсы” деп келістім. Бүгін келсем, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еркін форматтағы" кездесу деп тұр. Екі жас қыз жүр екен. “Менің жемқорлыққа қатысым не?” десем, күмілжіп дұрыс жауап бере алмады. Ақыры келдім ғой деп отырдым. Сонымен бір сағат өтті ешкім жоқ. “Қыздар, бұның бәрі есеп үшін ғой. Видеоға түсіріп алыңдар. Кешігіп келе жатқан көрерменді түсіріп, монтаж жасай саларсыңдар” десем “мақұл” дейді. Негізі әзілдеп айтқам. “Жақсы-жақсы” деп мобилогрофқа түсіртіп жатыр”, – жеп жазжы Қанат Тілеухан.

Жазушы ұйымдастырушыларға бұл тірліктері жарамайтынын айтып, шараға қатысудан бас тартқан.

“Балалар, мыналарың ұят қой. Аман болыңдар” десем, “ренжімеңізші” дейді. Тіпті ертең келе аласыз ба деп қояды. Алматыдан жұмысымды тастап келген ем. Әңгіме осы. Ұйымдастырушы – Қоғамдық даму басқармасы мен облыстық антикор. Айтпақшы, қайтып бара жатсам шотыма елу мың теңге түсті. Дана есімді қыз қоңырау шалып кешірім сұрады. 50 мың қаламақым екен. Қайта өзіне салып жібердім. Қорланып кетіп барам”, – делінген жазбада.

Осы тұста іс-шараны ұйымдастырған Жетісу облысы жастар ұйымына сұрау тастап, мән-жайды білуге тырыстық.

“Жалпы іс-шарада адалдық, парасаттылық жөнінде айтылу керек еді. Ол кісіге хабарласқан кезде солай айтқан едік. Өз өмірінен, қызмет барысында болған адалдық, парасаттылық төңірегінде әңгіме өрбітіп, еркін форматта сөз сөйлесе деп едік. Біздің тарапымыздан кеткен қателік – шараның тақырыбы “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы болашақ” болады деп айтып, ескертпедік. Негізі мақсат – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, бірақ соның төңірегінде адалдық пен парасаттылық туралы әңгіме болу керек еді. Ол кісі келгенде баннерден Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің белгісін көріп, “Неге маған ескертілген жоқ? Мен жемқорлық туралы не айтамын?” деді. Сонда қосымша ақпарат беріп, түсіндірген едік. Бірақ шараға келетін қонақтардың тізімін Қоғамдық даму басқармасы мен Жетісу облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыс агенттігі бірлесіп отырып берген еді. Соның ішінде Қанат мырза да бар. Өйткені ол – Жетісу өңірінің тумасы. Біз әр саладан спикер тартуымыз керек еді”, – дейді Жетісу жастар ұйымының заңгері Ержан Жанадылов.

Жетісу жастары ұйымы өкілінің іс-шараның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қандай қатысы барын айтты.

“Шара тақырыбы жемқорлыққа қатысты болғандықтан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі афишаны, спикерлерді өздері тексереді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттікке қатысты болған соң қойып отыр. Бірақ келісім шарт бойынша Қоғамдық даму басқармасы мен Жастар ұйымы арасында жасалып отыр. Қанат мырза, шараға келіп, лэд экранннан тақырып қосылған соң “Мен не қатысым бар?” деген сұрағы қойды. Біздің тараптан қателік бар, өйткені жиынға көрермен кешігіп келді. Спикер 30 минут күтіп, кетіп қалды. Біз кешірім сұрап “келесі жолы жақсылап ұйымдастырамыз, келе аласыз ба?” деп сұрап едік ашуланды. Содан кейін біз де көндіруге тырыспадық. 50 мың теңгеге қатысты айтар болсақ, біз шақырған соң ол кісі Алматыдан келіп отыр. Келіп-кету сияқты жол шығындары мен тамағы біздің мойнымызда. Ақшаны сол үшін жібердік. Ол кісі ашуланып бізге ақшаны қайта салып жіберді”, – дейді заңгер. 

Ержан Жанадылов күні кеше Қанат Тілеухамен телефон арқылы тілдескен екен. Журналист ұйымның басшылық тарапынан кешірім сұрамағанын айтып, ренішін жеткізген. Алайда Қанат Тілеуханның өзі бұл мәселені ары қарай қозғап, көтеруге құлқы жоғын айтты.

Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жетісу облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Ермек Сәмединұлының айтуынша, болған жағдайға жергілікті әкімдік пен Қоғамдық даму басқармасының арасындағы түсініспеушілік себеп болған.

Талқылау