Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Отбасымыздың жағдайы жаман емес: Футболшы Димаш Қашкен өзіне қатысты сындарға жауап берді

Фото: “Жетісу” фк

Блогер Мерей Абилованың күйеуі, футболшы Димаш Қашкен Қазақстан құрамасына шақырту алғанына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазан айында Димаш Қашкен ұлттық құраманың Лихтенштейн және Солтүстік Македонияға қарсы ойындарына шақырылған еді.

Алайда осыдан кейін футболшы жаппай сынның астында қалды. Осы мәселе төңірегіндегі сұрақтарға Қашкеннің өзі жауап берді.

“Жасырамын деп тұрғаным жоқ, отбасымыздың жағдайы жаман емес. Бірақ мен үшін ұлттық құраманың жейдесін ақшаға сатып алу – масқара нәрсе. Ондайға барсам, футболды тастағаным жақсы. Менің арманым – Қазақстан құрамасында ойнап, Еуропа аренасында өнер көрсету. Сондықтан бұл сөздердің бәрі –  бос әңгіме", – деді Қашкен Asnews-ке берген сұхбатында.

Сонымен қатар ол “сатып алды” деген қауөсетті де жоққа шығарды. Егер сатып алсам қосалқы құрамда отырмайтын едім дейді.

"Ол ақша жеткіліксіз те болар еді (күліп). Ондай сөздерге мән бермеймін. Егер менде ондай қаражат болса, оны бизнеске салған болар едім. Құрамаға ақша беріп кіру –  менің түсінігіме сыймайды. Егер орын сатып алсам, неге скамейкада отырамын? Онда 200 миллион беріп, бірден стартта шығамын ғой!" –  деп күлді футболшы.

Айта кетейік, Димаш Қашкен сынның астына қалуының басты себебі ол Қазақстан Премьер-Лигасында “Қайрат” пен “Жетісу” арасындағы оның ойыны футбол жанкүйерлерінің көңілінен шықпаған.

Қашкен осы маусымда 13 ойын өткізген. Бұл даудан кейін “Жетісудің” жартылай қорғаушысы Қазақстан құрамасының қазан айында өтетін ойындарына шақырту алған жоқ.

Естеріңізге салсақ, Қазақстан құрамасы 15 қарашада “Астана” аренада Бельгиямен, 18 қараша сырт алаңда Фарер аралдарына қарсы ойнайды. Бұл ойын 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясындағы матч болмақ.

 

 

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 13 Қараша, 2025 14:48
Талқылау