Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"123 миллион теңгені бір күнде жоғалттым": 9 жыл құмар ойынға салынған қазақстандық бұл құрсаудан қалай шыққанын баяндап берді

Бірнеше жыл құмар ойынға ақша тігіп, есірткі шегуді әдетке айналдырған адам айыға ала ма? Тәуелді адамдарға арналған оңалту орталығының (Рехаб) мамандары бұл мүмкін екенін айтады. Мәселен Жасұлан есімді қазақстандық 9 жыл құмар ойынға салынып, қарызға батқан, тіпті анасын тонап, бауырын ұрып-соғып, несие алғызған. Оның құмар ойын, казиноларға қызығушылығы артынша нашарқорлыққа әкеліпті. Осымен өмірі құрдымға кетті деп ойлап, өзіне қол салғысы келген. Десе де өзін қолға алып, тәуелділіктен толық айыққанын айтады. Онымен қоса өзі сияқты тәуелді адамдарға көмектесіп, оңалту орталығында кеңесші қызметін атқарып жүр. Жігіт Stan.kz тілшісіне тәуелділіктен қалай арылғанын айтып берді. 

Фото: Freepik.com

24 жастағы Жасұлан – тәуелділігі барларға арналған оңалту орталығының құмар ойын және химияға тәуелділігі бойынша тең кеңесшісі. Зиян әдетке әуес болған ол қазір өзі сияқты зардап шеккендерге көмектеседі. Сөзінше, өзі сол жолды жүріп өткендіктен, олардың не сезінетінін, қалай әрекет ететінін, қандай сылтаулар айтатынын толық біледі және оларға көмектесе алады.  

17 жасында 6,5 миллион қарызға кірген

Жасұлан ең бірінші рет 14 жасында достарымен бірге ойынға ақша тіккен екен. Алғаш ойыннан жеңілсе де, қызығушылығы оянып, екінші рет тағы тіккен. Сол кезде 15 мың теңге жеңіпті.

“14 жасар бала үшін 15 мың теңге – әжептәуір ақша. Алғашқы жеңісімнен кейін оңай жолмен ақша табу ойы еліктірді, қызығушылығым артты. Бір жылдай құмар ойынға жоламасам да, 16 жасымда таза лудоманға айналдым, күнде ақша тігуді әдетке айналдырдым. 16 жасымда басқа қалаға оқуға түстім, стипендия мен үйдегілердің берген ақшасын тек құмар ойынға құртатын едім. 17 жасымда микроқаржы ұйымдарынан несие алуға болатынын біліп, бірінші рет 160 мың теңге қарыз алдым”, – деді жігіт.

Сөзінше, ол несие шұңқырына түсіп, қарыз алу-ақша тігу-қарызды жабу схемасымен ғана өмір сүрген. 

“Қарызды ұтыстан түскен ақшамен жабамын деп ойлап жүрдім. Бірақ жаба алмадым, несие тарихы бұзылды, қайта-қайта қарыз сұрайтын болғасын құрдастарыма жеккөрінішті болып кеттім. Жұмыс істейін десем, сабағым бар. Амалсыздан анама құмар ойын ойнап, қарызға батқанымды айттым”, – деді ол.

Жігіт анасынан кешірім сұрап, енді қарыз алмайтынын айтып, ант-су ішкен соң анасы оның 2,5 миллион теңге несиесін жауып берген. Бірақ Жасұлан қайтадан баяғы әдетіне салып, ақша тігуін жалғастырыпты.

“Анамның алдында қарыздармын, оның ақшасын қайтарамын деген ниетпен ойынды жалғастырдым. Бірақ бұл тек сылтау екенін түсінемін. Негізінде маған “азарт” сезімі керек болды. Құмар ойын кезінде адам “жеңісті күтіп тұрғандай” болады. Осы күту сезіміне тәуелді болып қалдым. Артынша тағы 4 миллион қарызға батып, анама мойындаймын, одан кешірім сұрап, енді жоламайтынымды айтамын. Анам қарызымды тағы жауып береді”, – деді ол.

Ол өзін лудоман деп санамаған және іштей мойындамаған. Сөзінше, тек анасына ақшасын қайтару ниетімен ойнап жүрмін деп ойлапты. 

“Ең үлкен ұтысым –123 миллион теңге”

Айтуынша, ол құмар ойын ойнаған кездегі ең үлкен ұтысы 123 миллион теңге болған, бірақ сонша соманы сол күні-ақ жоғалтқан. Жеңісінен жеңілісі көп болған көрінеді.

“Анам әбден қиналып кетті. Микроқаржы ұйымына тағы қарыз болып, 600 мың теңгемді жылап отырып жауып берді. Маған көмектескісі келеді, бірақ қалай екенін білмейді. Қарызымды жауып, көмектеседі, бірақ бұл көмегі маған, керісінше, кесірін тигізеді”, – деді ол.

Оқуын бітірген соң 21 жасында Алматыда жұмысқа кіреді. Алайда жалақысы тек ойынға кеткен. Енді онлайн емес, шынайы казиноға баруды шығарған. 

“Менің көзіме казино элиталы адамдардың мекені боп елестейтін. Кинодағы жалған көрініске алдандым – бай адамдар, қымбат көлік, қымбат тамақ, әдемі қыздар. Өзімді осылай жоғары бағаламақ болдым. Шын мәнінде менің құмар ойынға тәуелді екенімді бәрі білетін. 21 жасымда отбасымның, достарымның алдында абыройым кетті, ешкім құрметтемейтін, несие тарихым бұзылғасын банк пен микроқаржы ұйымдарының алдында да қадірім болмады”, – деді 24 жастағы кеңесші.

Лудоманиядан нашақорлық пайда болды

Жігіт өзі сияқты ойынға ақша тігетін баламен бірге тұрған. Сол досы оған есірткі ұсынып, екеуі бірге шегіп көрген.

“Кокаинның дәмін көрген кезде “құмар ойын әшейін екен ғой” дедім. Өмірімде көрмеген ләззатты сезініп, “өмірдің рахаты – осы” деп ойладым. Өмір бойы іздегенімді тапқандай сезім болды. Сол түні ақша іздеп, тағы есірткі сатып алдық”, – деді ол.

Кеңесші есірткіге тәуелділік бір шеккеннен пайда болатынын айтады. Себебі қалыпты жағдайда бір күнде 10 бірлік бақыт гормоны бөлінсе, есірткі шеккен кезде бөлінетін гормон мөлшері одан жүз есе көп. Десе де ол өзін нашақор деп санамаған және тәуелді екенін мойындамаған.

“Айналамда өзім сияқты нашақорлар қаптады. Бірақ біз өзімізді нашақормыз деп санамай, ақтап алатынбыз. “Нашақор деген көшеде шприцпен отыратын, химиялық есірткі қолданатын тәуелді адамдар, біз ондай жағдайға түспейміз” деп айтатын едік. Жарты жылдан кейін химиялық есірткі, яғни мефедрон қолдандым. Ол кезде де өзімді ақтап, “нағыз нашақорлар “Скорость” есірткісін, амфетаминдерді қолданады, мен оған жоламаймын” дедім. Кейін оны да көре бастадым, қандай есірткі түрі бар, барлығын көргім келді. “Бәрібір есірткі шегемін ғой, оны да неге шекпеске” деген ойлар тұратын”, – деді жігіт.

Ата-анасы оның құмар ойынға ақша тігетінін білсе де, нашақор екенін бұл кезде білмеген екен. 

Лудоман әрі нашақор “ұят” сезімін өшірді

Есірткі шегіп жүріп, ол құмар ойындарға ақша тігуін де қоймаған. Айтуынша, осы кездері оның рухани, адами құндылықтары толық жоғалып кеткен. Психикасы бұзылып, “ұят” сезімі қалмаған. 

“Мен іштей ата-ана үмітін, өзімнің болашаққа деген үмітімді ақтамағанымды түсінетінмін. Адам ретінде нөлге түсіп кеттім. Өзімді жегідей жейтінмін. Іштегі ар-ұят мазаламасын деп сезімдерімді басу үшін күнде есірткі шегемін. Сол кезде ештеңе сезбеймін, бәрібір болып кетеді. Есірткіге ақша табу үшін біреуді алдап, қарызға алып, түрлі амалын табуға тура келеді. Көбі нашақорлар көшеде қаңғып жүрген, үйсіз-күйсіз адамдар деп ойлап жүреді. Негізінде олар ауқатты болады. Себебі олар есірткіге күніне 60 мың табуы керек”, – деді ол. 

Сөзінше, ол есірткі мен құмар ойынға тәуелділіктен өмірге деген қызығушылығын жоғалтқан. Ұйқысы бұзылып, тамағынан ас өтпейтін болған. 23 жасында өзіне қол салмақ болған

Інісін қорқытқан, анасын тонаған

Ол ақшасы таусылғасын ата-анасы тұратын ауылға келген екен. Сондағы ойы – жақындарына несие алғызу.

“Інімді үйден алып шығамын да, несие алғызамын. Ол менің лудоман екенімді білгендіктен, келіспейді, қарсыласады. Бірақ оны ұрып, қорқытып, ақыры 300 мың несие алдырдым. Сөйтіп келесі күні Алматыға қайттым”, – деді Жасұлан.

Бір аптадан соң ақшасы таусылып, ауылға тағы келген. Жігіт анасының банк картасының құпия сөзін баяғыдан біледі екен. Осылайша анасының телефонынан 150 мың теңгені ұрлаған. Анасы бір гәп барын сезіп, ақыры барлығы оның нашақор екенін біліпті. 

Айтуынша, есірткі үшін тіпті өз телефонын, сағатын, пәтердегі теледидарды, тіпті сүйіктісінің алтындары мен телефонын ломбрадқа өткізіп жіберген

“Қалағаныңша шегіп, өле қал!”

“Менің кесірімнен отбасымда кикілжің, ұрыс-керіс көбейді. Ата-анам сөзге келіп, ажыраса жаздады. Әкем мені жек көріп кетті. Ата-анам баласының ұры, лудоман, нашақор екенін біліп, қайғыдан қан жылады. Уайымнан анамның денсаулығы нашарлады. Бауырларым да бақытсыз боп кетті.  Бір күні әкем “саған есірткіңнің соңғы дозасын өзім сатып алып берейін, соны қалағаныңша шегіп, өле қал! Есірткінің әсерінен мәз болып өлгеніңді көрейін” деді.

Айтуынша, ол осы сөзден кейін түнгі клубқа барып, есірткіні өте көп мөлшерде тұтынған. Ақыры өзін жаман сезініп, ауырған, ақыры нашақор екенін және көмекке мұқтаж екенін өзіне мойындаған. 

“Түнде туысқан ағама қоңырау шалып, көмек сұрадым. Оған бүкпесіз бәрін айтып бердім. Ағам мен анам мені оңалту орталығына апарды. Ол жерде маған интоксикация жасап, қанымды тазартты”, – деді ол.

Фото: Stan.kz, Sober Road оңалту орталығы

“Үлкен қате мені жаңа қырымнан ашты”

Ол орталықта 6 ай емделген екен. Сөзінше, кей сәттерде жазылуды қаламаған, миы қарсыласқан. Бірақ емделмесе, өмірі одан сайын құрдымға кететінін біліп, шыдаған көрінеді. Осы кезде ол ғана емес, ата-анасы да оңалту шараларынан өткен. Себебі тәуелділігі бар адамның жанындағылар да көмекке мұқтаж дейді.

Фото: Stan.kz, Sober Road оңалту орталығы

“Әрине, енді ешқашан құмар ойын ойнай алмайсың” дегенде қарсыласу сезімі болды, онсыз өмірімді елестете алмадым. Психологпен жұмыс кезінде бар проблема миымда болғанын ұқтым. Кішкентайымнан менің мінез-құлығымда дефект болған. Өмірге деген көзқарасым бұрыс болыпты. Сол себепті мен зиян әдеттерге әуес болдым. Проблемалардан қашып, тәуелділікке ұрындым”, – деді кеңесші. 

Айтуынша, оңалту барысында отбасының қолдауы маңызды. Рехабтан шыққаннан кейінгі өміріне ол дән риза. 

“Бұрынғы өмірім қара түнек еді. Ал оңалтудан шыққан соң өзімді жаңа адам сияқты сезіндім. Бірақ бұрынғы өміріме қайтқым келмеді, сол себепті жұмыстан шығып кеттім. Менің өзгеруіме себепші жандарды көріп, мен де өзгелерге көмектесуім керек деп ойладым. Осы орталықта тең кеңесші боламын деп шештім, әрі қарай оқыдым”, – деді ол. 

Фото: Stan.kz, Sober Road оңалту орталығы

Жасұлан оңай жолмен ақша тапқан сәттері кейде есіне түсетінін, арам ой мазалаған күндері болғанын жасырмайды. Бірақ бұл жолға қайтпайтынына сенімді. Өйткені оның соңы не болатынын біледі. 

“Мен науқастарға қарап, бұрынғы өзімді көремін. Олардың психологиясын, не айтқысы келіп тұрғанын бірден түсінемін. Сол үшін бұдан шығар жолды да көрсете аламын. Кейде олар жылап, құшақтап рахмет айтып жатады. Осы кезде өзімді қоғамға пайдалы адам сезінемін. Үлкен қатем мені жаңа қырымнан ашты, анам мені мақтан тұтады”, – деді Sober Road қызметкері.

Тәуелділікпен қалай күресу керек?

Ол отбасында құмар ойынға тәуелді адамы барларға кеңес беріп, оларды құтқармауға шақырды. Сөзінше, олардың қарызын жауып, несиесін төлеу – үлкен қате.

“Лудомандарды құтқармаңыздар. Олардың несиесін жабу ойынына ақша салып берумен тең. Ондайды байқасаңыз, бірден маманға жүгіну керек. Тек арнайы мамандар оларды бұл жағдайдан шығара алады”, – деді маман.

Сонымен қатар ол мемлекет құмар ойын жарнамаларына тыйым салуы керек деп санайды.

“Оңай жолмен келетін ақшаны насихаттамау қажет. Метрода, көше билбордтарында, интернет кеңістігінде құмар ойын жарнамасы толассыз көп. Әлбетте жастар қызығады, алданады”, – деді жігіт.

Талқылау