Отбасы банкінде "Келешек" жүйесі басталған алғашқы тәулікте 1 000 қазақстандық білім беру шоттарын ашты
Фото: Отбасы банк
5 жастағы Ибраһим Әділбек Отбасы банкінде "Келешек" жүйесінің Қазақстандағы алғашқы қатысушысы атанды. Ол үшін әкесі Бағдат Ерубаев ұлына "AQYL" білім беру депозитін ашқан.
Енді мемлекет кішкентай қазақстандықтың шотына 60 АЕК немесе 235 920 теңге көлемінде бастапқы білім беру капиталын аударады. Оны сақтап қалу үшін отбасына жыл сайын кемі 24 АЕК немесе 94 368 теңгені аталмыш депозитке аударып тұрулары қажет. Ал Отбасы банк қосымша баланың жинақ шотына банк сыйақысы мен мемлекеттік сыйлықақы есептейтін болады.
Фото: Жеке архивтен
"Келешек" жүйесінің қатысушысы болу үшін "AQYL" білім беру депозитін ашу қажет. Мен оны Отбасы банкінің бөлімшесінде жасадым. Біздің отбасымыз үшін бұл баламыздың біліміне қаржы жинап, оған лайықты мамандық алуға көмектесудің қолжетімді тәсілі. Ұлым оқуға тегін түсіп кетсе де, ол өз жинақтарын үй сатып алуға жұмсай алады, - дейді Бағдат Ерубаев.
"Келешек" ерікті жинақтаушы жүйесіне қатысу үшін Отбасы банкінде 2025 жылдың 12 мамырынан бастап "AQYL" депозитін ашуға болады. Не бәрі бір тәуліктің ішінде 1 000 қазақстандық ата-ана аталмыш салымды өз балаларының атына ашып үлгерген.
Фото: Отбасы банк
“Адамның ең маңызды активі – білім. Қазақстан – "Келешек" бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін құру арқылы, балаларының біліміне бағыттаған ата-аналардың инвестициясын қолдап отырған санаулы елдердің бірі. Енді бастапқы капитал бөлінеді. Отбасы банк ұл-қыздарының болашағын ойлаған саналы ата-аналарға білім беру депозиттерін ашуға белсенді түрде көмектеседі. Енді оны otbasybank.kz порталында, бейне-қоңырау бойынша, банк бөлімшелерінде және кеңесшілердің көмегімен іске асыруға болады. Алдағы 10 күнде бұл қызмет Otbasy bank мобильді қосымшасында да қолжетімді болады, - деді Отбасы банкінің Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Отбасы банкінде "AQYL" білім беру жинақтау салымын ашудың және "Келешек" жүйесінің қатысушысы болудың төрт тәсілі:
- Otbasybank.kz порталында. Ол үшін жеке кабинетіңізге кіріңіз, "Менің банкім" қойындысын ашып, "Депозиттерге" өту керек. Әрі қарай, "Жаңа депозит" батырмасын басып, "AQYL" салымын ашасыз;
- hcsbk.kz банк сайтындағы бейне-қоңырау қызметі арқылы;
- Банк бөлімшелерінде;
- Кеңесшілердің көмегімен. Сілтеме арқылы өз қалаңыздан кеңесші таңдай аласыз.
"AQYL" депозитінің шарттары:
- сыйақы мөлшерлемесі 13,58% (ЖТСМ 14,5% бастап);
- мемлекеттік сыйлықақы: салымшылардың барлық санаттары үшін - 5%. Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүмкіндігі шектеулі балалар, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін - 7%.
- депозит ашқан кезде міндетті бастапқы жарнаның мөлшері 3 АЕК немесе 11 796 теңгеге тең (2025 жылы). Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үшін бастапқы жарна жоқ.
Мемлекет балаларға "Келешек" бағдарламасы аясында "AQYL" депозитіне қандай сома аударады?
Бастапқы білім беру капиталы 2025 жылы 60 АЕК немесе 235 920 теңгені құрайды.
Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін бастапқы білім беру капиталы 2025 жылы 120 АЕК немесе 471 840 теңгеге тең.
2025 жылы мемлекеттен берілетін, 235 920 теңгеден басталатын бастапқы білім беру капиталы биыл 5 жасқа толатын балаларға есептелетін болады.
Отбасы банкінде "AQYL" депозиттері ашылған адамдар не істеуі керек?
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 5 жасқа толатын балалардың ата-аналары 2025 жылдың 15 мамырынан бастап 2025 жылдың 30 маусымына дейін otbasybank.kz порталындағы Жеке кабинетте "AQYL" депозитіне қосымша келісімге қол қоюлары қажет. Бұл жағдайда бастапқы білім беру капиталы қолданыстағы депозитке есептеледі. Ақша 2025 жылдың 31 тамызына дейін түседі.
1 шілде мен 31 желтоқсан аралығында 5 жасқа толатын балалар да биылғы жылы қосымша келісімге қол қоюы керек. Қаражат 2026 жылдың 28 ақпанына дейін түседі.

22 жастағы қазақстандық қыздан асқынған сатыдағы қатерлі ісік анықталды: Ол диагнозды жүкті кезінде білген
