"Отбасы банкі" салымшыларының жинағындағы сыйақыға шектеу қояды
Фото: Отбасы банк
Отбасы банкінде жинағы бар ауқатты қазақстандықтар кейбір жеңілдіктерден айырылып, ал табысы төмен азаматтарға мемлекеттік сыйақыға меншік құқығына шектеу қойылуы мүмкін. "Отбасы банкінің" басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова осылай деді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, қазір мемлекеттік сыйақыны есептеудің тиімді жолдары қарастырылып жатыр. Себебі, дұрыс тәсіл таңдалмаса, клиенттердің кету қаупі бар.
"Сыйақы анағұрлым мақсатты берілуі керек. Мысалы, оны табысы орташа немесе ортадан төмен азаматтарға ғана беру керек. Өте ауқатты топтарға бұл мемлекеттік сыйақыны төлемеу керек", – деді Ләззат Ибрагимова.
Екінші ықтимал өзгеріс мемлекеттік сыйлақының салымшының меншігіне айналатын мерзіміне қатысты.
"Мемлекет сыйақысы салымшының меншігіне айналатын депозит мерзімі әр елде әртүрлі. Қазақстанда бұл мерзім – үш жыл (36 ай). Яғни, үш жыл жинасаңыз, содан кейін тіпті депозитті бұзсаңыз да, сыйақыны алып кете аласыз. Ал Хорватияда – бес жыл, Германияда – жеті жыл. Кейбір елдер бұл мерзімді мүлде алып тастаған. Яғни, егер сіз депозитті мерзімінен бұрын бұзсаңыз, онда сыйақыны мемлекетке қайтаруыңыз керек, себебі сіз мақсатыңызға жеткен жоқсыз, бұл жүйе арқылы баспана алған жоқсыз. Біз осындай бірнеше нұсқаны қарастырып жатырмыз. Жеті жыл немесе мерзімсіз ету. Меніңше, шетелдік тәжірибені мұқият зерттеу керек", – деп толықтырды банк төрайымы.
Сондай-ақ, Ибрагимованың айтуынша, биылғы жылы барлық салымшыларға төленетін мемлекеттік сыйақыға арналған бюджеттік өтінім көлемі – 90 млрд теңге болған.

"Студенттердің шәкіртақысында несі бар": Қазақстандықтар шетелде оқитын жастарға салық төлету туралы ережені сынға алды
