Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде "Наурыз" және "Отау" ипотекалық бағдарламаларының шарттары өзгерді

"Наурыз" және "Отау" ипотекалық бағдарламаларының қатысу шарттары өзгерді. “Отбасы банкі” жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларға қатысушыларды қосымша қабылдау жариялады. Қабылдау 16-25 қыркүйек аралығында өтеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Қатысушылардың негізгі тізіміне енбеген қазақстандықтар, сондай-ақ "Отбасы Банкінің" тұрғын үй бағдарламалары аясында бұрын өтінім бермеген жаңа үміткерлер "Баспана Маркет" порталында "Наурыз" және "Отау" бағдарламаларына қатысуға өтініш бере алады.

Сонымен қатар екі бағдарламаның шарттары біріздендірілді. Бұған дейін бағдарлама шарттарында ұқсастық көп еді. Бірақ кей тұстарында ерекшеліктер бар. Осылайша "Наурыз" бағдарламасы бойынша несиенің ең жоғары сомасы өсті. Астана қаласы үшін бұған дейін 30 миллион теңге болса, қазір 36 миллионға өскен еді. Ал алматылықтар үшін ең жоғарғы сома 30 миллион теңге болып белгіленген. Бұған дейін Алматы қаласындағы қатысушылар үшін 18 миллион теңге еді. 

Айта кетейік, “Наурыз” бағдарламасында "Отбасы банкіндегі" салым мерзімі маңызды емес еді. Қатысушылар шотына ақша аударып, бағдарламаға қатысуға өтініш бере алатын еді. Ал "Отау" шарттарына сәйкес, салым мерзімі іріктеуден өтуге балл жинау үшін маңызды еді. Сондай-ақ жинақтаған әр жылға 5 ұпай беріледі. “Наурыз” бағдарламасына қатысу үшін Алматы немесе Астанадан пәтер алғысы келетіндердің қалада кем дегенде 3 жыл тіркеуі болуы қажет. 

Енді несиенің ең жоғары сомасы екі бағдарламада да бірдей: Алматы мен Астана тұрғындары үшін 36 миллион теңге, басқа өңірлерге 30 миллион теңге.

“Отау” бағдарламасына қатысушылар үшін салымдарды жинақтау мерзіміна қатысты талап алынып тасталды. Сондай-ақ Алматы немесе Астана қалаларында тіркеуі болуы міндетті емес. "Наурыз" бағдарламасында бұған дейін қолданылып келген балл есептеу механизм өзгеріссіз қалады және екі бағдарламада да бірдей есептеледі. Сонымен қатар тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтар үшін екі бағдарлама бойынша да сыйақы мөлшерлемесі 7%-ға дейін төмендетіледі. Жылдық тиімді пайыздық мөлшерлеме 7,3%-дан 8,9%-ға дейінгі аралықта болады.

Бірыңғай баллдық жүйе пайда болады:

  • Депозит бойынша сыйақы сомасына — әрбір 1000 теңгеге 1 ұпай;
  • Тіркелген некенің болуы — 5 балл;
  • Балалардың болуы — 10 балл (балалардың санына қарамастан);
  • Халықтың әлеуметтік осал топтары мәртебесінің болуы — 10 балл;
  • Жасы 35-ке дейін қоса алғанда — 5 балл.
Талқылау