Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Отбасы банк" салымшыларға сыйақыны өз қаражаты есебінен төлейтін болды

Фото: Отбасы банк

Мәжілістің жалпы отырысында қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, үкімет "Отбасы банк" салымшыларға берілетін сыйақыны мемлекеттік бюджеттен емес, банктың өз қаражаты есебінен төлеу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәліметтерге сенсек, салымшыларға берілетін сыйақыны қаржыландыру енді "Отбасы банктың" өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады. 

"Осылайша біз бюджетке түсетін жүктемені азайтамыз. Ал салымшылар үшін ешқандай өзгеріс болмайды – олар бұрынғыдай сыйақыларын алады", – деді министр.

Мәди Такиевтің айтуынша, "Отбасы банк" мемлекеттік қаржы институты және оның қаржылық жағдайы тұрақты. 2024 жылы банктің таза табысы 120 миллиард теңгені болған, бұл өз кезегінде салымшылар алдындағы міндеттемелерді бюджет көмегінсіз орындауға мүмкіндік береді.

Министрдің дерегінше, банк құрылған сәттен бастап бюджеттен шамамен 900 млрд теңге бөлінген. Қолданыстағы үш жылдық бюджет аясында тағы 200 млрд теңге бөлу жоспарланған еді.

"Бұл уақыт ішінде банк клиенттер базасын едәуір кеңейтті – салымшылар саны он есеге өсіп, 2,1 миллион адамнан асты. Сондықтан қаржыландыру тәртібін өзгерту мемлекет шығынын азайтып, азаматтардың мүддесіне әсер етпейді", – деп түйіндеді Мәди Такиев.


Қазақстанда әскери қызметкерлерге арналған ипотека шарттарын жеңілдету ұсынылды


Қазақстандықтарға тиімді ипотека мен автонесие беріліп, бизнесті тексеру тоқтатылады: Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар жариялады


Еске салайық, бұған дейін "Отбасы банкі" салымшыларының жинағындағы сыйақыға шектеу қоятынын жазған едік. Сол кезде сыйақы тек табысы орташа және төмен азаматтарға бағытталып, ауқатты салымшылар бұл жеңілдіктен айырылуы ықтимал екені айтылды. Сондай-ақ сыйақының салымшы меншігіне айналатын мерзімін қазіргі 3 жылдан 5-7 жылға дейін ұзарту немесе мерзімсіз ету қарастырылып жатыр. Биыл бұл мақсатқа 90 миллиард теңге бөлінген.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 22 Қазан, 2025 14:30
Талқылау