Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Республика күні қарсаңында Шымкентте 304 отбасы қоныс тойын тойлады

Шымкент қаласында Республика күні қарсаңында "Бозарық" шағын ауданынан көп балалы, толық емес, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған және баспана алу кезегінде тұрған азаматтар жаңа пәтерлерге қоныстанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

"Бозарықта" қоныс тойын тойлауға келгендердің қарасы көп болды. Қайсысын қарасаңыз да, жанарынан қуаныш байқайсыз. Үйлерді қоныстанушыларға қала әкімдігі салып беріп, кілтін шаһар басшысы табыстады. Жаңа пәтерлер таза әрлеуде, 1 шаршы метріне – 221 330 теңгеден сатылды. 

Қала әкімінің қолынан баспана кілтін алғандардың бірі – шымкенттік Жанар Оралбаева.  Ол мүмкіндігі шектеулі қызын тәрбиелеп отыр. Айтуынша, баспана мәселесі отбасыны  әбден мезі етіп келген. Жылдар бойы пәтерден пәтерге көшіп жүріп қызының денсаулығын түзеуіне жағдайы жарай бермеген. "Қашан осы пәтерге қол жеткізер екенмін?! Аядай болса да өз шаңырағым болса ғой!" деп тілек тілеген сәттері көп болған екен. Бар үмітім мемлекеттік бағдарламамен үй алу еді, дейді өзі. 

2016 жылдан бері үй кезегінде тұрған Жанарға Республика күні қарсаңында Шымкенттің іргесіндегі "Бозарық" шағын ауданындағы жаңадан салынған көпқабатты тұрғын үйден екі бөлмелі пәтер бұйырды. 

"Бұған дейін 3 рет конкурсқа қатыстым. Біріншісінде де, екіншісінде де қадамым сәтсіз болды.  Үшінші конкурста ғана 2 бөлмелі пәтерге іліндім.  Екі жыл бұрын "Отбасы банкінен" депозит ашып, содан бері қаражат салып, құйып келе жатырмын. Құдайдың берген бір ұлым, бір қызым бар. Көптен күткен қуанышымыз. Мемлекеттік "2-10-20" бағдарламасымен 2 бөлмелі пәтерімізге ай сайын 73 мың теңгеден төлейтін болдық. Бұйыртса, 15 жыл мерзімде қайтарамыз", – дейді қала тұрғыны. 

Фотода Жанар Оралбаева

Иә, айтулы мереке қарсаңында қоныс тойын тойлап жатқандардың қуанышында шек жоқ. Соның бірі Венера Елекеева. Қызының қуанышын бөлісуге анасы Гүлшарахан апа да келген екен.

"Қызымның өз үйі болмай, әркімнің босағасынан сығалап шаршады ғой. Үш баласымен пәтерден пәтерге көшіп, баспананың зардабын әбден тартты. Адал еңбек етті. Үй кезегіне тұрғанына да 13 жыл. "Отбасы банкінен" депозит ашып, оған тірнектеп ақша құйғаны қандай жақсы болған! Әупірімдеп осы күнге де жеткенімізге шүкір айтамыз. Үш бөлмелі пәтер бұйырған екен. Енді осы үйде өсіп, өне берсін! Үй алмағандарға жұғысты болсын! Халықты баспанамен қамтыған қала басшылығы мен "Отбасы банкіне" алғыстан басқа айтарымыз жоқ", – деп Гүлшарахан апа ағынан жарылды.  

Фотода Гүлшарахан апа

Бағдарлама қатысушыларын қоныс тойларымен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен "Отбасы банк" АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Дәурен Саудабаев құттықтады.  

“Республика күнінің қарсаңында 304 пәтерлік 8 көпбақатты үйдің қоныс тойына жиналып отырмыз. Осы күнге аман-есен жеткенімізге қуаныштымыз. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен қаламызда көптеген тұрғын үйлер салынып жатыр. Мегаполисте тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді. Осыған дейін кей шағын аудандардағы үйлердің сапасына сын айтқандар болды. Бұдан былай үйлердің сапасына баса мән беріледі. Алдағы уақытта тағы 400 пәтерлік 10 көпқабатты үй конкурсқа өтіп, кезекте тұрған тұрғындарға таратылады”, – деді шаһар басшысы Ғабит Әбдімәжитұлы.

"Отбасы банк" АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Дәурен Саудабаевтың айтуынша, әрқайсымыз үшін жаңа, ең бастысы, өзіміздің жеке пәтерімізге көшу – өмірдегі аса маңызды әрі қуанышты оқиға.

“Пәтерлеріңізде балалардың күлкісі жиі естіліп, іші жылулық пен жайлылыққа толы болуына тілектеспін. Жыл басынан бері Отбасы банк "2-10-20" бағдарламасы бойынша 2500-ге жуық, "5-10-20" бағдарламасы бойынша 3 247 қазақстандық отбасыға жеке баспана алуға көмектесті”, – деп түсіндірді "Отбасы банк" АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Дәурен Саудабаев.

Фотода Дәурен Саудабаев, авторы: Алиса Масалева

"Отбасы банк" АҚ Шымкент қалалық филиалының бизнес дамыту басқарма басшысының орынбасары Бағлан Жапаровтың айтуынша, "2-10-20" бағдарламасы бойынша көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, жетімдер және тұл жетімдер санатымен кезекте тұрғандарға берілді. Бұл санаттағы азаматтар жылдық 2% (ЖТСМ 2%-дан бастап 2,1% дейін) мөлшерлемемен жеңілдетілген заем рәсімдеді. Ондағы алғашқы жарна небәрі 10%. Ал "5-10-20" бағдарламасы бойынша қалған үй кезегінде тұрған азаматтар жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5% (ЖТСМ 5,2%-дан бастап 5,8% дейін), заем алды. Ондағы алғашқы жарна да 10%. 

“Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлерге қатысты тұрғындардан көптеген шағымдар түскеннен кейін құрылыстың сапасы қала әкімі тарапынан қатаң бақылауда болды. Бизнес санаттағы үйлерден бір мысқал кем емес. Бес қабатты, күйген кірпіштен салынған. Әр пәтердің ішінде жылыту қазандықтары бар, таза әрленген күйде тұрғындар қоныстанып жатыр. Мемлекеттік бағдарламамен пәтер алып жатқандарға мемлекеттен 1 миллионға дейін қайтарымсыз субсидия сертификатын береді. Бүгін үй алғандар да сол топқа кіреді. Оның да өзіндік талаптары бар. Бұл сертификат алғашқы жарнасына ақшасы жетпей тұрған, оны "Отбасы банкіндегі" шоты арқылы дәлелдеген тұрғындарға беріледі”, – дейді Бағлан Байжанұлы. 

Жыл басынан бері Шымкент қаласында жылжымайтын мүлік алу мақсатымен тағы 27 000-ден астам өңір азаматы жаңа депозит ашты. Бұл еліміз бойынша аймақтардағы ең жоғары көрсеткіш. Яғни Шымкент халқы қаражат үнемдеп, оны тұрғын үй жағдайларын жақсарту жолында жинаудан жоғары белсенділік танытып отыр.

Жалпы өңірде үстіміздегі жылы 3 633 отбасы "Отбасы банкінен" заем алып, қоныс тойын тойлаған. 

Талқылау