Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Отардағы әскери бөлімде сарбаздың жағы сынған: Бірнеше командир қызметінен босатылды

Фото: asker.kz

Жамбыл облысындағы Отар әскери бөлімінде бірнеше командир қызметінен босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қазір өңірде сарбаздарға қатысты екі төтенше оқиға бойынша арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Жақында Отардағы әскери бөлімде 18 жастағы сарбазға күш қолданылып, жақ сүйегі мен мұрнының сынуына байланысты жағдайдан кейін тәртіптік жазаға тартылғандардың саны артты.

“Басшылық құрамындағы төрт қызметкер атқарып отырған лауазымдарынан босатылды. Олар: әскери бөлімнің командирі, оның тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, батальон командирі және рота командирі”, – деді қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Ағылтаева.

Сонымен қатар, әскери бөлімде үш орынбасарға қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту жасалып, бірнеше офицер мен сержантқа қатаң сөгіс жарияланған. 

Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысындағы әскери гарнизонда сарбазға күш қолданып, жағын сындырғаны туралы жазған едік. 18 жастағы сарбыз Есбол Қапарды қызметтестері соққыға жыққан көрінеді. Сарбызға екі рет ота жасалып, тіпті екі апта бойы оқшаулауда болған. Жағына темір қапсырмалар салынған сарбаз Отардағы бір пәтерде қамалып ұсталған.. Белгілі болғандай, сарбазды ол жерге әскери қызметкерлер апарып, қамап кеткен. Қазір сарбаз Алматыдағы әскери госпитальде ем қабылдап жатыр. 

Ал 2026 жылдың қаңтарында Жамбыл облысындағы осы әскери бөлімде сарбаз мылтықпен өзін-өзі атып өлтірген еді. Осы жағдайға байланысты да Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірқатар командирі қызметінен босатылды.

Дана Русланқызы
Жұма, 20 Ақпан, 2026 20:41