Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ермегияев “өзінің жазықсыз екенін дәлелдейтін” құжаттарды көрсеткісі келмей қалды

Талғат Ермегияев өзінің жазықсыз екенін дәлелдейтін құпия құжатты көрсетуден бас тартты. Талай былықты дәлелдейтін деректі “отанның мүддесін” ойлап әшкерелеген жоқпын деді басты айыпталушы. Соңғы сөзін айтқан “Экспоның” экс-төрағасы тіпті  “кейбіреулерге менің сотталғаным” қажет деп салды. Алайда олардың да кім екенін жұмбақтап ашып айтқан жоқ. Ермегияев пен онымен бірге сотта жауап беріп жатқандар да бүгін   ақырғы сөзін сөйледі, – деп хабарлайды КТК арнасы.

image

Фото: kaz.tengrinews.kz

Астанада екі ай бұрын басталған атышулы ЭКСПО ісіне қатысты сот аяқталуға таяп келеді. Процесс барысында том-том құжаттар қаралып, жүздеген куәгерден жауап алынды. Бірақ, бүгін басты айыпталушының ақтық сөзі нақты дәйектерден көрі, ішкі эмоциясына ұқсаңқырап кетті.

Сотқа Есілдің жағасындағы қымбат пентхаусынан қатынап жүрген Ермегияевтің екі езуі сол күйі жиылмаған. Экс-төраға өте көңілді. Оған қарағанда шынының арғы бетінде отырған сыбайластары сабырлы. Жылға жуық тергеу абақтысында отырған ондаған жеке  компанияның  басшылары туыстарымен тілдесіп қалуға тырысуда. Ермегияев: “прокурорлар пара алғанымды да, қазына қаржысын жымқырғанымды да дәлелдеп бере алмады” деп бастады соттағы соңғы сөзін.

“Кейбіреулерге менің сотталғаным қажет  болды. Жала жапты. Жемқорлыққа қарсы ұлттық Бюроның тергеушілері куәгерлерді жалған түсінік беруге мәжбүрледі. Алайда бәрібір ешкім менің сағымды сындыра алмайды. Соттың немен аяқталатынын да  сезіп отырмын. Кез-келген жағдайға дайынмын.

Мені ЭКСПО-ға бөлінген миллиардтарды  ұрлады деп айыптауда. Мұның бәрі тергеушілердің бізді қаралау үшін ойлап тапқаны. Мұндай қыруар қаржыны жасырып қалу қиын. Шетелдерде жеке есеп шотым, офшорлық компанияларым жоқ.”, – дейді айыпталушы Талғат Ермегияев.

Тағылған айыптарды мойындаудан бас тартқан “Экспоның” экс төрағасы  көрменің құрылысына бөлінген бір тиынды да алмадым,  тек жанымды салып еңбек еттім деп отыр.

Ермегияев  бұған дейін  “тың деректерді” жария етемін деп көпшілікті қызықтырып қойған еді. Алайда бүгін аяқ астынан отанның мүддесін ойлаған айыпталушы құпия құжаттарды әшкерелеуден айнып қалды.

“Өзімді қорғайтын құжаттарды, төлемдерді көрсете аламын. Бірақ, бұл менің еліме, көрмеге кесірін тигізуі мүмкін”, – дейді Талғат Ермегияев.

Жалпы, “Экспо ісі” бойынша сотталып жатқан 24 адамның 12-сі  өздеріне тағылған айыптармен келісіп, тергеушілердің жұмысын жеңілдетіп берген болатын. Оларға қатысты іс бөлек қаралып жатыр.

Бүгін сол кінәсін мойындағандардың бірі, Ермегияевтің оң қолы болған Қажымұрат Үсенов те соңғы рет сөз сөйлеп, судьядан мемлекеттік наградалары мен жасын, денсаулығын ескере отырып үкім шығаруды өтінді.

“ЭКСПО” ісі бойынша сотталушылардың қатарында Ермегияевтен өзге, орынбасарлары, жеке компаниялардың директорлары, 25 жастағы жігіттен 70-тегі зейнеткерге дейін бар. Қартайғанда пара беріп, екінші рет істі болып отырған Орал Ибадилдина да бүгін судьядан түрмеге қамамауды жалынып сұрады.

“Мен кінәмды мойындаймын және заң бұзғаныма өкінемін. Материалдық шығынды толық  өтедім. Үкім шығарар алдында менің жасымды ескерсеңіз. Бас бостандығымнан айырмауыңызды өтінемін”, – дейді Ибадилдина.

Судья сотталушылардың өтінішін қаншалықты ескеретіні жақын күндері белгілі болады. Жүздеген томға арқау болған қылмыстық іске 10-шілдеде нүкте қойылады. Прокурорлар басты күдікті Талғат Ермегияевті  14 жылға түрмеге жабуды сұрап отыр.


Жіберіп алмаңыз:

Талғат Ермегияев сотта соңғы сөзін айтты

Талғат Ермегияевтің ақша жымқыру тәсілі әшкереленді

Илья Ильин: Сотқа Талғат Ермегияевке демеу болу үшін ғана келдім

Талғат Ермегияевтың оққағары бастығына сөмкелеп қалай ақша тасығанын айтты

 

Талқылау