Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Отандық журналист: 150 мың алатын шахтер салық төлейді, миллиондап табатын әншілер неге бір тиын да бермейді?!

Отандық шоу-бизнес саласымен етене таныс журналист Айдос Игіліков салық органдары әншілердің кірісін тездетіп есепке алып, өнер жолындағыларды бюджетке салық төлеуге міндеттеу керек деген сенімде. Оның пайымдауынша, әншілер Отанға деген сүйіспеншілігін бос сөзбен емес, іспен дәлелдеуі керек. Stan.kz журналистен салықтан жалтарған әншілер мен неге сахнаны киелі деп атауға болмайтыны туралы пікірін білді.

"Көп әншілер Отанға махаббат, достық, жастарға өнегені сахнадан дәріптеп жатады. Бұрын, Әміре Қашаубаевтардың кезінде сахна киелі болған шығар. Қазір сахнаның киесі жоқ, 30-40-тан асқан әншілердің өзі елдің сана-сезімін ояту емес, өздерінің танымалдылығын арттыруды көздейді. Әрбір әрекеттері жасанды. Сахнаның киесі кетті дейтінім, ертең Роза, Мақпалдар, тіпті Сәкендер кеткесін, қырғын басталады. Сахнамыз жын-жыбырдың жиналған жері болады. Көп әншілер мақсаттарын білмейді, сондықтан іштерінде қызтекелері, ақша, атаққұмарлары өріп жүр. Әншілер өз орындарын білмейді, субординация деген жоқ. Сахнада не айтылып жатқаны ешкімнің тарапынан қадағаланбайды. Сахнадан айтылғасын, ол қалың жұрттың ішінде таралып кетеді. Сыншыларымызды өздері аралас-құралас әншілерге бірдеңе айтуға дәті бармайды, басқаларын өлтіріп сынайды", - дейді шоу-бизнестің "ішкі кухнясын" жақсы білетін Айдос Игіліков.

Төртінші билік өкілі еліміздің ауқатты азаматтары болып есептелетін өнер иелерінің мемлекет қазынасына бір тиын да төлемейтініне налиды.

"150 мың алатын шахтер 15 мыңын салыққа төлейді, ал әншілер секіріп-билеп қайтқаны үшін миллиондап табады, бір тиынын да мемлекетке бермейді. 1 млн таба ма 300 мыңын мемлекетке салық ретінде төлесін, ол бөтен біреуге кетпейді, мемлекеттің қажеттіліктерін өтеуге жұмсалады. Бейшара шахтерлер күннің көзін көрмей, оттегі көрмей, жердің астында жүріп, маңдай термен тапқан ақшасынан салық төлейді, ал олар келеді, әндерін айтады да кетеді, салық төлемейді. Оларға тіпті екі есе салық салу керек. Қазір миллиондаған қаржы ағып кетіп бара жатыр, мемлекетке бір тиын жоқ. Елдің кез-келген азаматы салық төлеуі тиіс деп есептеймін", - деді ол. 

"Салық органдары қатты жұмыс істеу керек, өйткені олар мықты ақша тауып отыр. Жылай бермесін, төлесін, елдің өркендеуіне жұмсалады ол ақша, патриот деп көкіректерінен қаға бермей", - деген сенімде БАҚ өкілі. 

Журналист сондай-ақ әншілердің сөзі, іс-әрекетіне дейін бақылап отыру керектігін алға тартты, себебі шоу-бизнес өкілдерін пір санайтын халық оларға еліктейді.

"Жастардың барлығы қазір бос қиялға беріліп, әнші болғысы келеді. Өйткені оңай ақша табамын, халықтың алдында жүремін деп ойлайды. Тағы бір айта кетерлігі, барлығына күйе жақпаймын, бірақ әншілердің 70-80%-ы сауатсыз", - дейді әншілерден әбден көңілі қалған Айдос. 

Талқылау