Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өскемендіктермен соттасқан экс-әкім Жақсылық Омар ШҚО әкімінің орынбасары болды

Өскеменнің бұрынғы әкімі Жақсылық Омар Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Gov.kz

Өскеменнің бұрынғы әкімі Жақсылық Омар Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Мұны аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов әлеуметтік желіде хабарлады.

“Бүгін мен Жақсылық Омарды бірінші орынбасарым етіп тағайындадым. Жақсылық Мұқашұлының мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол”, – делінген хабарламада.

Жақсылық Омар жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарған. Ал 2018-2024 жылдар аралығында Өскемен қаласының әкімдігін басқарған. 2022 жылы тұрғындар оның үстінен сотқа шағым түсірген еді. Осылайша әкім өскемендіктерден сотта жеңіліп, айыппұл арқалады.



Өскемендегі "Аблакетка" шағын ауданы тұрғындары қоғамдық көлік мәселесіне шағымданған. Сөздерінше, автобус жүрмей, олар жұмысқа кешігеді, кешке үйге қайта алмайды. Олар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан жөнді жауап ала алмай, сотқа жүгінген.  

Тіпті президентке өтініш жолдап, қала әкімі Жақсылық Омарды және облыс басшысы Даниал Ахметовті қызметінен босатуды талап етті.

Өскемендіктер автобус бағыттарын іске қосуды және қоғамдық көліктердің жүру кестесі жазылған белгілерді орнатуды талап етті. Әкімдіктегілер мәселені шешуді ұсынды. Нәтижесінде медиация келісімі жасалып, оған сәйкес қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне бір ай мерзімде талаптарды орындап, коммуналдық көліктің жұмысын жақсарту міндеттелді.

Тендер өткізіліп, автобустар арасындағы интервалды 5-7 минут ішінде белгілеуді міндеттеді. Желіде GPS навигаторлары мен валидаторлары бар кемінде 20 автобус жұмыс істеді. Сондай-ақ коммуналдық қызметкерлер екі айдың ішінде аялдамаларға уақыт кестесі жазылған тақтайшаларды орнатамыз деп уәде берді.

Белсенділер бұған сеніп, арыздан бас тартты. Бірақ әкімдік уәдесін орындамаған көрінеді. Сол үшін қайтадан соттасқан. 

"Өскемен қаласы әкімі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің медиация келісімінің талаптары бойынша міндеттемелерін бақыламағаны көрінеді. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, сот әрбір жауапкерге 50 АЕК немесе 159 мың теңге айыппұл төлеуді міндеттеді”, – деп мәлімдеді Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты.

Осылайша судья қала әкімі Жақсылық Омарға да, Өскемен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысына да 50 АЕК көлемінде айыппұл салған еді. Енді Жақсылық Омар ШҚО әкімінің орынбасары болып отыр. 

Талқылау