Өскеменде жолға бөлінген қаржы BMW көлігі, элиталы пәтер мен жер алуға жұмсалған

Видеодан скрин
Қаржылық мониторинг агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті "Таза Өскемен" шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының бұрынғы басшылығына қатысты қала көшелерін күтіп-ұстауға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Күдіктілердің арасында кәсіпорынның бұрынғы директоры, оның орынбасары және жеке кәсіпкер бар.
Лауазымдық өкілеттіктерін пайдалана отырып, күдіктілер 2022-2023 жылдар аралығында мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізбестен, жүйелі түрде бюджет қаражатын өздерімен байланысы бар коммерциялық құрылымдардың есепшоттарына заңсыз аударып отырған.
Қылмыстық схеманың мәні – материалдарды жеткізу және техниканы жалға алу бойынша жалған құжаттар рәсімдеуде болған.
Атап айтқанда, құжаттарда жолдарды жөндеуге арналған битум мен құм сатып алу, суды соруға арналған арнайы техника жалдау, сондай-ақ бұған дейін орнатылған 23 аялдама павильонын жасауға қажетті материалдар сатып алу туралы жалған деректер көрсетілген.
Кейін бұл қаражат жеке кәсіпкер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, схемаға қатысушылар арасында бөлінген. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 120 млн теңгеден асты.

Тәркіленген көліктер, видеодан скриншот
Қылмыстық жолмен алынған табысқа күдіктілер Өскемен қаласындағы қымбат тұрғын үй кешенінен пәтер, "BMW X6M" және "Subaru Forester" автокөліктерін, сондай-ақ жер учаскелерін сатып алған. Аталған мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды.
Кәсіпорынның бұрынғы директорына қатысты бұлтартпау шарасы ретінде екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі шара қолданылды.
Тергеу жалғасуда.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілуге жатпайды.
"Жастар практикасы" арқылы жұмыс таптым": Қазақстандық колледж түлегі кілем фабрикасында еңбек жолын қалай бастағанын айтып берді