Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өскеменде белгісіз біреулер ер адамды ұрлап әкетіп, ұрып-соғып, өлтіріп, дәрігерлерге өздері тапсырған

Фото: Видеодан скрин

Өскеменде бір топ адам жігітті үйінен алдап шығарып, белгісіз жаққа алып кеткен. Кейін оның соққыға жығылған денесін ауруханаға әкеп, дәрігерлерге тапсырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Марқұмның анасы ұлының өліміне қатысы барлардың барлығын табуды талап етіп отыр. Әйелдің айтуынша, бұл іске кемі 10 адамның қатысы бар. Алайда полиция тек алты күдікті барын хабарлады. 

Әлеуметтік желіде марқұмның анасының видеоүндеуі пайда болды. Жалғыз ұлын бір топ адам айуандықпен өлтірген. Анасының айтуынша, ер адамды 30 мамыр күні кешкісін танысы үйінен алып шыққан. Сол жерде оны үш көлікке мінген белгісіз біреулер күтіп тұрған. Олар жәбірленушіні көлікке күштеп салып, алып кеткен. Бірнеше сағаттан кейін Бағлан Рахманбердиевтің денесі ауруханаға жеткізілген. 

Желіде жарияланған видеодан медициналық орталыққа көлік келіп тоқтап, бетперде киген екі адам шығып, дәрігерлерді медициналық көмекке шақырғанын көруге болады. Бастапқыда олар жараланған адамды мүгедектер арбасына ауыстырмақ болған. Алайда оның жағдайы бұған мүмкіндік бермеген сыңайлы. Олар мәйітті көліктен әрең шығарып, зембілге қояды. 

Марқұмның анасы ұлын өлтіргендердің суық қаруланғанын айтады. 

“Бұл жануарларды, тіпті адам деп айта алмаймын, жазалануын талап етемін. Қалай өмір сүрерімді білмеймін. Әкесіз, жалғыз өзім өсірген ұлымнан айырылдым. Біреуді соншалықты қатыгездікпен өлтіру үшін қаншалықты қатігез болу керек", – дейді әйел. 

Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті адам өлтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатқанын хабарлады.

“Қылмысқа қатысушылардың бәрінің жеке басы анықталды. Полицейлер төрт азаматты ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Тағы екі күдіктіге іздеу жарияланды. Қазір оқиғаның мән-жайы мен себептерін объективті анықтауға бағытталған қажетті жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр”, – делінген хабарламада. 

Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жария етуге жатпайтыны атап өтілді.

Полиция азаматтарды "тек ресми және тексерілген ақпаратқа сенуге, арандатушылыққа бой алдырмауға және жалған ақпарат таратпауға" шақырды.

Жұмаділлә Нұрила
Сенбі, 07 Маусым, 2025 14:12
Талқылау