Өскеменде ауаның ластануы: Тұрғындарға қосымша ақы төленіп, еңбек демалысына 10 күн қосылады

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр Мәжіліс депутаттарының Өскемендегі қалыптасқан экологиялық дағдарысқа қатысты сауалына жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр бұл сауалға жазбаша түрде жауап берді. Ол экологиялық қауіпті аймақтарда тұратын азаматтар үшін әлеуметтік төлемдер мен жалақыны есептеу кезінде экологиялық коэффициент енгізу мәселесіне жеке тоқталды.
“Өскемен қаласы радиациялық қауіп деңгейі жоғары аймаққа жатады. Осыған байланысты тұрғындарға 1,5 АЕК мөлшерінде қосымша ақы төлеу және жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына 10 күн қосу қарастырылған”, – деді Скляр.
Оның айтуынша, радиациялық қауіп аймақтарында жұмыс істейтін әрі тұратын қызметкерлерге ай сайын қосымша төлемдер беріліп, жыл сайын қосымша ақылы еңбек демалысы ұсынылады.
Жеке сектор субъектілері қызметкерлер өкілдерімен келісу арқылы ұжымдық шарттар мен жұмыс беруші актілерінде әлеуметтік қолдау шараларын белгілей алады.
“Экология министрлігі өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту үшін жедел, орта мерзімді және ұзақ мерзімді шаралар кешенін әзірледі. Бұл құжат 2026-2028 жылдарға арналған атмосфералық ауаны қорғау бағдарламасын әзірлеу кезінде ескеру үшін әкімдікке жолданды”, – деді Роман Скляр.
Өскеменде ауа ластанып, оқушылар қашықтан оқуға көшті
Өскеменде сары және қызғылт түсті қар жауған: Экологтар мұның себебін түсіндірді
Депутаттың сауалы
Айта кетейік, биыл ақпанда депутат Марат Башимов Өскемендегі экологиялық жағдайдың дағдарысқа ұшырағанын мәлімдеген еді. Ол бұл мәселе “адам өміріне төнген қауіп” екенін алға тартты.
“Тұрғындар күн сайын қауіпті ауамен тыныстауға мәжбүр, алайда мемлекет тарапынан тиісті өтемақы мен жүйелі қолдау алмай отыр. Нақты шаралар “далаға сирек шығу” туралы ұсыныстармен ғана шектеліп отыр”, – деген еді Башимов.
Сол кезде ол Үкіметтен “Үкімет қандай жедел шаралар қабылдайды? Экологиялық қауіпті аймақтарда тұратын азаматтар үшін әлеуметтік төлемдер мен жалақыны есептеуде экологиялық коэффициент енгізу қарастырыла ма? Экологиялық дағдарыс жағдайында халықты қорғаудың дамыған елдер тәжірибесі неге Қазақстанда әлі бейімделіп, қолданылмай отыр?” деген сынды сұрақтарға жауап беруді талап етті.
Еске салайық, бұған дейін министрлік Шығыс Қазақстан облысындағы ауа сапасын газ тарту арқылы жақсартпақ екені хабарланған еді.
Жаңа салық кодексі әлеуметтік кәсіпкерлерді жеңілдіктерден айырды – Тапсырыс жоқ, қарыз көбейді