Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өскеменде әлеуметтік бағадағы картоп дүкен сөрелерінен жоғалып кетті

Өскеменде әлеуметтік бағадағы картоп дүкен сөрелерінен жоғала бастады. Жұртшылық сауда павильондарында да тапшылық бары сезілетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: pixabay.com

Тұрақтандыру қорының сауда нүктелерінде картоптың келісі 125 теңгеден сатылып жатыр. Дегенмен сапасына қарамастан тез бітіп қалып жатыр.

“Басқа дүкендерде бәрі қымбат. Ал мұнда азды-көпті аласың”. “Көбірек әкелсін, әйтпесе жетпейді. Сәл кейінірек келсең, бәрі таусылып қалады”, – деді жұртшылық.

Бірақ тұрғындардың сөзінше, үй жанындағы дүкендерде екі аптадан бері әлеуметтік картоп жоқ. Баға белгілері де алынып тасталған. 

Қалада тұрақтандыру қорының 17 павильоны жұмыс істейді. Тағы 10-ы конкурстық рәсімдер мен шарттар жасалғаннан кейін іске қосылады. Ынтымақтастық туралы меморандумдар аясында әлеуметтік көкөністерді үй жанындағы 30 дүкен сатады. Бүгінде келісімшарт бойынша 5,5 мың тонна картоптың 2 мыңға жуығы қорда қалған. Алыпсатарлықты болдырмау үшін қалған қор тек тұрақтандыру қорының павильондарына жеткізіледі.



“Жалпы, облыста да, қалада да картоп жеткілікті. Мәселе тек үлкен баға айырмашылығында. Әлеуметтік баға 125, ал нарықтық баға 250, тіпті 300 теңгеден асады. Бағаға қатысты дүрбелең туындап жатыр”, – деді "Ертіс" ӘКК ресми өкілі Инабат Қайса.

Ал көрші Павлодар облысының депутаты Нұржан Әшімбетов картоп тапшылығы барын растады. Айтуынша, бұған себеп нашар егін жинау мен өнімді қымбатырақ сату үшін қоймаларда сақтап отырған фермерлер болып отыр.

Еске салсақ, бұған дейін Петропавлда картоп сатылымына шектеу қойылған еді.

Талқылау