"Осы күнді 5 жыл армандадым": Еркебұлан Тоқтар інісіне Алматыдан пәтер сыйлады

Танымал актер әрі поп-ММА өкілі Еркебұлан Тоқтар інісіне Алматының орталығынан пәтер сыйлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі қуанышты жаңалығын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Ол алдымен бауырының осыған дейін өзіне демеу болған кезін еске алды.
Актердың айтуынша, 5 жыл бұрын қарызға белшесінен батқан кезінде несие алып беруін сұрау үшін інісіне барған.
“Ең болмаса, 300 мың теңге керек болды. Ағасы болсам да, ар-намысымнан аттап інімнің алдына бардым. Несие, қарыз алып ойындарға тігетін кезім. Ал ол ойланбастан, алып берді”, – деді ол.
Еркебұлан Тоқтар сол қаражаттың арқасында бүгінгі деңгейіне жетіп отырғанын алға тартты.
“Мүмкін, сол кезде ол маған көмектеспегенде, мен әлі де адам болып кетпес пе едім. Сондықтан мен үшін інімнің орны бөлек. Менің қайтара алмайтынымды біліп тұрса да, көмектесті. Сөйтіп барлық ақшамды жинап пәтер алдым”, – деді ол.
Поп-ММА өкілі бауыры үш жұмыс істеп, қанша талпынса да, жеке баспанасын ала алмай жүргенін жеткізді.
“Қазір ата-анаммен тұрады. Үйленгеніне төрт жыл болды, екі бала-шағасы бар. Қазір өмір сүру оңай емес. Екі бөлмелі пәтер алдым, құрылысы дайын, өздеріне ұнайтын мекенжайдан. Әзірге ешкім білмейді, қандай реакция боларын көреміз”, – деді ол.
Актер інісіне пәтер кілтін табыстау сәтін де ерекше ұйымдастырды. Туған күніңді ұмытып кеттім деген сылтаумен оған пакетке салынған сыйлық ұсынады. Артынша қалтасынан пәтердің кілтін шығарып, нағыз тосынсый жасайды. Еркебұланның бауыры алғашында бұған сене алмай, бірнеше рет “Рас па?” деп қайта-қайта сұрады. Ал шын мәнінде пәтер сыйлағанын түсінген сәтте көз жасына ерік берді.
“Осы күнді 5 жыл армандадым, бүгін Аллаға шүкір жеттім”, – деп жазды ол.
Айта кетейік, бұған дейін Америкаға кеткен Еркебұлан Тоқтар елге қайта оралғаны хабарланған еді.
Қазақстандықтарға биыл жазда қайда бару тиімді: Грузия арзандап, Мальдив аралдары қымбаттаған