Өмірін қатерге тігіп, жарылыстың алдын алған Ақмола тұрғынын ақша және сыйлықтармен марапаттады

Фото: Зеренду ауданы баспасөз қызметі
Ақмола облысы Шағалалы ауылының тұрғыны өртеніп жатқан үйден газ балондарын алып шыққаны үшін марапатталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Зеренді ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылғы 8 наурызда Шағалалы станциясында жеке тұрғын үйде өрт шыққан.
“Өрт сөндіру қызметі келгенге дейін жергілікті тұрғын Юрий Карпенко өз өмірін қатерге тігіп, жанып жатқан үйден төрт тұрмыстық газ баллонын сыртқа шығарып үлгерген. Осылайша ол ықтимал жарылыстың және ауыр зардаптардың алдын алды. Көмек көрсету кезінде ол жеңіл күйік алғанымен, ауруханаға жатудан бас тартты”, – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Зеренді ауданының әкімі Асет Құрманғожин Юрий Карпенкомен кездесіп, көрсеткен батылдығы, табандылығы және азаматтық жауапкершілігі үшін алғыс білдірді.
“Мұндай әрекеттер үлкен құрметке лайық. Бейжай қалмай, көмекке келуге дайын адамдардың арқасында қоғамда өзара жәрдем мен бірлік нығая түседі”, – деді аудан әкімі.
Ерлік көрсеткен азаматқа алғыс хат, естелік сыйлық және азық-түлік себеті табысталды.
“Сонымен қатар аудандық төтенше жағдайлар бөлімі атынан батылдығы мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін ақшалай сертификат берілді”, – деп қосты ведомство.
Әкімдіктің мәліметінше, Юрий Карпенко "Бұқпа" орман шаруашылығы мекемесінде орманшы болып жұмыс істейді. Үйленген, екі бала тәрбиелеп отыр.
"Аяғыма оқ тиіп, кестіруге мәжбүр болдым": Сынаққа сынбаған Паралимпиада чепионы Ербол Хамитов жайлы не білеміз?