Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Гемодиализ орталығын ашуға қомақты қаржы бөлген": Белгілі қазақстандық меценатқа іздеу жарияланды

Ауыр дене жарақатын келтірген белгілі кәсіпкер және денсаулық сақтау саласындағы меценат Азамат Доланбаевқа іздеу жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Время” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: alatau-zhuldyzy.kz

Меценат туралы алғаш рет "Лидер" еріктілер қозғалысы әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Онда 1991 жылы 19 маусымда туған Доланбаев Азамат Өмірсерікұлы “ауыр қылмыс жасағаны үшін” іздестіріліп жатқаны айтылды. Сонымен қатар оның фотосы мен сыртқы белгілері де көрсетілді.

Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл ақпаратты растады.

“Доланбаевқа ауыр дене жарақатын келтіру фактісі бойынша Медеу аудандық полиция басқармасымен іздестіріліп жатыр. Ол іздеу жарияланған тұлғалар қатарында. Сот оны қамауға алу туралы сырттай санкция беріп, екі ай мерзімге қамау шарасын бекітті. Күдіктінің қайда екенін анықтау және оны ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр”, – деп хабарлады баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Азамат Доланбаев – танымал тұлға. 2020 жылы “Алатау жұлдызы” газеті одан сұхбат алған еді. Сол кезде ол “A Class Medical” компаниясының бас директоры болған. Бұл компания Талғар орталық аудандық ауруханасын 15 жылға сенімгерлік басқаруға алған еді. Бұл жаңалық жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырып, Доланбаев сол сұхбатта халықты сабырға шақырған еді.

Бұдан бөлек өткен жылы оның меценаттық жасағаны туралы ақпарат тарады. Ол Жетісу облысы Сарқанда гемодиализ орталығын ашу үшін 60 миллион теңге бөлген. Бұл қаржыға ғимарат жөнделіп, медициналық құрал-жабдықтар сатып алынған.

Алайда Доланбаев іздеуде жүргені туралы ақпарат шыққан соң “A Class Medical” компаниясы шұғыл түрде мәлімдеме жасап, оның бұл компаниямен еш байланысы жоқ екенін айтты.

“A Class Medical" басқарушы компаниясының басшылығы Доланбаев А.Ө. ешқашан компания құрылтайшысы болмағанын және компания атынан меценаттықпен айналыспағанын мәлімдейді. Доланбаев 2020 жылы конкурс арқылы басқарушы менеджер қызметіне қабылданды және 2023 жылы өз еркімен жұмыстан шықты”, – деп хабарлады компания.

Осы мәлімдемені Талғар ауруханасы да өз әлеуметтік желі парақшаларында жариялады. Доланбаевқа тағылып отырған айыпқа қатысты нақты мәліметтер әзірге жоқ.



Еске салайық, бұған дейін Алматы полициясы кәсіпкер, белгілі меценат Азамат Доланбаевты іздестіріп жатқанын жаздық. Ол адамға ауыр дене жарақатын салды деген күдікке ілінді. Сот оны екі айға сырттай қамауға алуға санкция берді. Доланбаевқа іздеу жарияланғанын бірінші болып Lider.kz еріктілер қозғалысы белсенділерінің бірі Тұрсынжан Дәуітханов Instagram әлеуметтік желісіндегі Stories парақшасында мәлімдеді. 

Талқылау