Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өрт сөндірушілер ішке өте алмады, дабыл қосылмады": Алматыда RAMS CITY тұрғындары өрт кезінде қауіпсіздік жүйесі болмағанын сынға алды

Фото: Желі карларынан

Алматыда RAMS CITY тұрғын үй кешенінде паркингте көлік өртеніп, төтенше жағдай болған. Түтінге тұншыққан тұрғындар ғимаратта дабыл жүйесі мен қауіпсіздік жүйесі болмағанын сынға алды. Айтуларынша, тіпті өрт сөндірушілер қарапайым түрде ішке өте алмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Sandrinavladitsa парақшасының қолданушысы оқиғаның қалай болғанын баяндап берді.

“Бүгін түнгі бірлер шамасында далада ер адамның айқайлағанын естідік. Терезеден қарасақ, астымыздағы паркингтен түтін шығып жатыр екен. Бір машина өртеніп кетіпті. Сосын бізді эвакуациялады. Өрт сөндірушілер әр есікті қағып, барлығын шұғыл шығарып жатты. Біз маска киіп баспалдақпен жүгіріп түскенде, маскамыз да, мұрнымыз да күйенің қарасы болып қалған. Айтпақшы, Алматыдағы көп тұрғын үйлердегідей мұнда да жол мәселесі бар. Егер сол ережеге сай болғанда жағдай басқаша болар еді. Өрт сөндірушілер ішке өте алмай қалды”, – деп жазды ол.

Айжан есімді тағы бір тұрғын оқиғаның RAMS CITY тұрғын үй кешенінде болғанын жеткізді.

“Неге бұл тұрғын үй кешенінде өрт дабылы істемеді? Төменге қашып бара жатқанда газдан тұншығып қала жаздадық. Қазір үйге де кіре алмай отырмыз. Ешкім ресми ақпарат бермейді. Қауіпсіздікті те бақылап жатқан жоқ. Қорқынышты болғаны соншалық, әлі күнге дейін жөтелім басылар емес”, – деп жазды ол. 

Желі жұртшылығы онсызда сисмикалық тәуекелді аймақта орналасқан қаладағы құрылыстың тарлығына наразылық білдірді. 

“Жер сілкінісі болса не болатынын елестетіп көріңіздерші. Бұл тек бастамасы ғана”, “Құмырсқа илеуіндей жерде бірдеңе бола қалса, талай адам қаза болуы мүмкін екенін тағы да дәлелдеп тұр”, “Елде жемқорлық жайлаған кезде осындай жағдайлар болады”, “Иә, ауладағы жолдар көлікке толып тұр. Барлық жер автотұраққа айналған. Өрт сөндірушілер қалай келеді? Алла сақтасын”, – деп жазды көпшілік. 



Алматы қаласы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті түнде Бостандық ауданындағы жерасты автотұрағында көліктің жанғаны туралы ақпаратты растады. 

“10 желтоқсанда сағат 01:33-те Алматы қаласы ТЖД күштері мен құралдары Утепов көшесі, 31, 18-блок мекенжайына жіберілді. Оқиға орнына келгенде 16 қабатты тұрғын үйдің жерасты автотұрағында Honda Accord маркалы (бензин, 2007 ж.ш.) автокөліктің өртеніп жатқаны анықталды. Өрт аумағы 5 шаршы метрді құрады. Өрт сағат 01:54-те сөндірілді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі анықталуда. Өрт сынақ зертханасына сараптама тағайындалды”, – деді ведомство. 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 10 Желтоқсан, 2025 12:32