Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Марқұм Шерзаттың үйіндегі өрт: Прокурор оқиға орнынан канистр мен қолғап табылғанын мәлімдеді

15 қазанда Қонаев қаласында 16 жастағы Шерзаттың өлімін тергеуге қатысты брифингте марқұмның үйіндегі өрт жайлы тың деректер айтылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

өрт талғар

Видеодан скриншот

Алматы облысының прокуроры Берік Адамов Талғардағы марқұм Шерзаттың отбасының үйінде өрт сырттан басталғанын мәлімдеді. 

"Тергеу сатысында ешқандай заңбұзушылық анықталған жоқ. Сондай-ақ марқұмның отбасы тұрған үйдегі өрттің себебін тексеріп жатырмыз. Өрт болған жерден маңызды дәлелдер жиналып, 600-ден астам адам сұралды. Оқиғаның қалай болғанын анықтау үшін бірнеше сараптама тағайындалды. Мамандар өрттің үйдің сыртынан басталғанын, оқыс жағдай болмағанын және сыртқы от көзі қолданылғанын алғашқы қорытынды ретінде шығарды", – деді Адамов. 

Прокурордың айтуынша, оқиға орнынан канистр мен резеңке қолғап табылған. 

"Канистр мен қолғапқа зерттеулер жүргізіліп жатыр. Шығын көлемі анықталып жатыр. Бұл істі ашық әрі объективті жүргізуді жалғастырамыз. Жәбірленушінің туыстары мен жақындары тәулік бойы күзетке алынған", – деп қосты ол. 

Айта кетейік, бұған дейін ішкі істер министрлігінің өкілі Талғарда 16 жастағы Шерзат көз жұмған күні бейнебақылау камерасына түсірілген видеоны көрсеткен еді. 

Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмған еді. Кейіннен жағдайдың мән-жайы анықталды. Жанжал жасөспірімнің отбасы жұмыс істейтін дүкенде басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Сондай-ақ Шерзат Болаттың үйін белгісіз біреулер өртеп кеткені туралы жазған едік.

Талқылау